Бүгін Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында ерекше әрі мағыналы әдеби басқосу өтті. №23 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Қосмырзақызының, сондай-ақ кітапхана қызметкері Алтынай Қожабекқызының жетекшілігімен Мұхтар Мағауиннің әйгілі «Тазының өлімі» повесін талқылады.
Талдау барысында оқушылар шығармаға терең үңіліп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Олар Есенжол мен Кәмила секілді кейіпкерлерге сыни көзқарас танытып, ал тазы Лашынның иесі Қазыға деген адалдығына, алғырлығына, табиғи тектілігіне тәнті болғандарын ашық айтты.
Балалар повесте көрініс тапқан ұлттық құндылықтар – тазы баптау, саятшылық өнері, сондай-ақ Нағашының жиенге беретін қырық серкеші сияқты дәстүрлердің мән-мағынасына тоқталып, олардың ұлт жадында сақталуының маңыздылығын сөз етті.
Талдау барысында ерекше қызығушылық тудырған тұстардың бірі – шығармадан орын алған «қараған» өсімдігі туралы ақпарат болды. Оқушылар қараған бұтасының көп өсуіне байланысты сүйікті қаламыздың Қарағанды аталып кеткенін қызыға талқылады.
Шара соңында қатысушылар «Тазының өлімі» көлемі шағын болса да, көтерген жүгі ауыр, мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары туынды екенін атап өтті.



