Кітапханада 2026 жылы мерейтойлары атап өтілетін Қарағанды облысының тумаларына арналған «Қарағанды облысының белгілі мерейтой иелері» атты өлкетану бағытындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ және аймақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қайраткерлердің еңбектері мен олар туралы зерттеу кітаптары қойылды.
Көрменің негізгі тұлғаларының бірі — Алаш қозғалысының көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ғалым Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ халқының саяси санасының қалыптасуына, ұлттық тәуелсіздік идеясын дамытуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға.
Көрмеде сондай-ақ қазақ поэзиясына жаңа серпін әкелген, отансүйгіштік рухтағы өлеңдерімен танылған және де туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған көрнекті ақын Қасым Аманжоловтың шығармалары ұсынылған.
Жазушы, драматург Мұқан Иманжанов та көрменің маңызды тұлғаларының бірі. Ол — қазақ прозасы мен драматургиясының дамуына үлес қосқан қаламгер, жасөспірімдерге арналған адамгершілік, еңбек, адалдық тақырыптары кеңінен көрініс тапқан шығармаларымен де кеңінен танымал.
Сонымен қатар көрмеде жазушы әрі публицист Владимир Литвиновтың кітаптары ұсынылған. Оның шығармалары аймақтың тыныс-тіршілігін, адам тағдырын және қоғамдағы өзекті мәселелерді терең бейнелеуімен ерекшеленіп, өңір әдебиетінің дамуына қосылған елеулі үлесімен құнды.
Бұл көрме — Қарағанды өңірінен шыққан көрнекті тұлғалардың рухани мұрасын насихаттауға, оқырмандарды туған өлкенің тарихы мен әдебиетіне тереңірек таныстыруға бағытталған.

