Д.Исабековтің «Дермене» кітабын талқылау

Бүгін «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында озық ойлы оқушылармен кездесу өтті. №23 ЖББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мақпал Қосмырзақызы 9-сынып оқушыларымен Дулат Исабековтың «Дермене» шығармасына тамаша дайындықпен келіпті.
Оқушылар кітапхана қызметкері Алтынай Қожабекқызымен бірге шығарманың шырғалаң тұстарына жеке-жеке тоқталып, әр эпизодтың түйінін тарқатуға тырысты.
Мәселен, бойында қуаты тасып тұрса да, жап-жас ер азаматтардың Тоқсанбай қарияға жасаған қиянатын оқушылар: «Ер азаматқа тән емес қасиет, ешкімге тиесілі емес жазық даладағы Дерменені қызғану азаматтыққа жатпайды», – деп түсіндірді.
Оқушылар Омаштың теріс пиғылы мен бұзық іс-әрекеттерін оңдырмай сынады. Омаштай азаматтар қоғамда әлі де кездеседі деген ойларын ортаға салып, тәрбиенің отбасынан басталатынын айтты.
Оқушылар кітаптағы адамгершілік пен қатігездік, рухани тазалық пен эгоизм арасындағы қақтығыстарды талдай отырып, «Дермене» шығармасының қазіргі заман үшін де маңыздылығын атап өтті.

Scroll to Top