«Қарағанды облысы тарихындағы тұлғалар» дөңгелек үстел

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында Қарағанды облысының 90 жылдығына орай «Қарағанды облысы тарихындағы тұлғалар» тақырыбында тағылымды дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ардагер журналист А.Жанғожин, тарихшы-археолог Т.Аршабеков, Қарағандының құрметті азаматы Е.Кузнецова, қоғам белсендісі М.Қарасартов қатысып, өңірдің бай тарихы мен ел жадында қалған көрнекті тұлғалардың өлшеусіз үлесі жөнінде мазмұнды ойларымен бөлісті.
Кездесу аясында Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері Серікқазы Сұлтанғазы қазақтың тұңғыш ғарышкері Т.Әубәкіровтің Қарағанды өңірінің тумасы екенін атап өтіп, ғарышкерге қатысты бірегей жәдігерлермен таныстырды. Сондай-ақ 2014 жылы ғарышта болып қайтқан Қарағанды қаласының елтаңбасы көпшілік назарына ұсынылды.
Бейнелеу өнері мұражайының қызметкері Г.Зәитова Қарағандының көрікті келбетін бейнелеген көркем картиналарды ұсынып, олардың авторлары туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Ә.Ермеков атындағы мектеп-гимназиясы мен С. Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары өңіріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар — Е.Бөкетов, Г.Алалыкин, Т.Күзембаев туралы мазмұнды презентацияларын қонақтардың назарына ұсынды.
Ал Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің студенттері қазақ халқының біртуар ұлы Қ.Аманжоловтың 115 жылдығына орай М.Шахановтың «Қасымды қабылдамаған адам хақында» өлеңін мәнерлеп оқып, кездесудің мазмұнын тереңдете түсті.
Тағылымға толы бұл шара ұрпақтар сабақтастығы мен туған өлкенің тарихи мұрасына деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Scroll to Top