Кітапханада «Барлық мамандықтар қажет, барлық мамандықтар маңызды» кездесулер циклі өз жалғасын табуда. Аталған жоба жас оқырмандарды түрлі мамандық иелерімен таныстырып, олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға, ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Бұл жолғы кездесу ғылым саласына арналды. Оқырмандар белгілі химик мамандарымен жүздесіп, химия ғылымының маңызы мен болашағы туралы құнды мәліметтер алды. Кездесуге қонақ ретінде химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Төлеуов Бораш Игілікұлы және химия ғылымдарының докторы Темірғалиев Бахтияр Серікұлы шақырылды.
Шара барысында ғалымдар оқушыларға химияның тек оқу бағдарламасындағы пән ғана емес, ғылым мен технологияның қарқынды дамуына негіз болатын маңызды сала екенін түсіндірді. Бораш Игілікұлы өзінің тәжірибесімен бөлісіп, ғылыми зерттеулердің қоғам дамуына қосатын үлесі туралы әңгімеледі. Ал Бахтияр Серікұлы заманауи химия ғылымының мүмкіндіктері, инновациялық бағыттары және жаңа технологиялардың адам өміріндегі рөлі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында оқушылар ғалымдарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, химик мамандығын таңдаудың жолдары, ғылыми зерттеулердің ерекшеліктері және ғылым саласындағы жетістіктер туралы пайдалы мәліметтер алды. Ашық форматта өткен сұхбат оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың танымдық белсенділігін дамытуға ықпал етті.








