«Қауырсың қалам» әдеби клубы аясында жапон детектив жанрының көрнекті өкілі Содзи Симаданың «Токио зодиагы» романына арналған мазмұнды әдеби кездесу өтті. Шараның ұйымдастырушысы әрі негізгі спикері — клубтың белсенді мүшесі Дарын Даниярұлы. Ол оқырмандарды Жапонияда Жұмбақтар құдайы атанған қаламгердің өмір жолымен, шығармашылық әлемімен және әдебиеттегі айрықша орны бар туындыларымен таныстырды.
«Токио зодиагы» романы жапон остросюжетті әдебиетінің дамуына айрықша ықпал етіп, классикалық хонкаку детективінің жаңаша сипат алуына жол ашқан шығарма ретінде бағаланады. Бұл туынды арқылы автор детектив жанрының интеллектуалдық деңгейін жаңа белеске көтерді.
Кездесу барысында қатысушылар жапон мәдениетінің ерекшеліктеріне қанығып, романның негізгі идеялары мен көркемдік қырларын талдады. Сонымен қатар басты кейіпкер бейнесі әлемге әйгілі Эркюль Пуаро тұлғасымен салыстырылып, әдеби типаждар арасындағы үндестік пен мәдениетаралық диалогтың маңызын айқындай түсті.
Белсенді қатысып, қызығушылық танытқан баршаңызға алғысымыз шексіз! Клуб жаңалықтарын жіберіп алмаңыздар — алда талай мазмұнды да қызықты кездесулер күтіп тұр!


