Қазіргі балалар жазушылары мен ақындары : Қазақстанның қазіргі балалар жазушылары мен ақындарының шығармашылығы [Мәтін] : библиографиялық көрсеткіш / құраст.: М.С. Смагулова. – Қарағанды: «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы», 2017. – 45 б.

Балалар әлемі – өзіндік ерекшелігі мол, күрделі де қызықты әлем. Сол әлемге еркін еніп, небір нәзік сыр-сипаттарды сезімталдықпен танып, зерделікпен зейін салу, зерделікпен бейнелеу – қаламгерлер қауымы үшін үлкен сын. Одан өту үшін «Балалар жазушысы болып туу керек». Өйткені, балалардың ойлауында, дүниені тануы мен араласуында өзгеше сипат бар. Соны түсіну, әрі балғындар риза болатындай бейнелеу – шеберлік. Балалар үшін әдебиет тек қана рухани азық болып қана қоймай, рухани тәрбиеші де. Балалар кітабы – тәрбиенің қуатты құралы.

Қазақ балалар әдебиеті – әлем таныған қазақ әдебиетінің іргелі, жемісті бір саласы. Адамға баласынан жақын, баласынан артық еш нәрсе жоқ. Сондықтан кез келген адам өзінің жүрегінен шыққан жақсы ойын, қиялын балаларға арнайды. Балалар әдебиетін тағдыр тұтып, бар ғұмырын әдебиеттің осы саласына бағыштаған көптеген таланттарымыз бар.

Ұсынылып отырған библиографиялық көрсеткіш ХХ ғ. басы мен ХХI ғасырдың қазақ балалар әдебиетінің ақын – жазушыларының өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертеді. Жалпы мектеп оқушыларына, жасөспірімдерге, балалар жазушыларының өмірі мен шығармашылығымен танысам деген көпшілікке, мұғалімдерге, кітапханашыларға арналады.

Библиографиялық көрсеткіш балалар әдебиетінің жанашыр қаламгерлері туралы дәріптеу мақсатында және кітапхананың кітап қорына сүйене отырып құрылған.

Балалар әдебиетінің бағбаны: жазушы Машқар Гумеровтің туғанына 90 жыл [Мәтін] : әдістемелік-библиографиялық құрал / құраст.: М.С. Смагулова, Ұ.Ө. Жамауова . – Қарағанды: «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы», 2017. –  20 б.

Қазақ балалар әдебиеті – әлем таныған қазақ әдебиетінің іргелі, жемісті бір саласы. Осы салаға өзіндік ерекшелігімен із қалдырып, оқырмандарының жүрегінен орын таба білген Машқар Гумеровтің өмірі мен шығармашылығын таныстыру мақсатында «Балалар әдебиетінің бағбаны» атты әдістемелік-библиографиялық құралды назарларыңызға ұсынамыз.

Балалар әдебиетінің кез келген шығармасы – оқиғасының қызықты да тартымдылығымен, композициясының әдемілігімен ерекшеленеді. Тілі жеңіл, көркем, түсінікті, айқын әрі әсерлі болуы, жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамытуға, оларды адамгершілікке, отан сүйгіштікке т.б. ізгі мұраттарға баулуға тәрбиелейтін әлем. Сол әлемге небір нәзік сыр-сипаттарды сезімталдықпен жаза білген, зерделілікпен бейнелей білген қиялы ұшқыр жазушының бірі, 50-жылдардың ортасында әдебиетке келіп, қазақ балалар әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан, есімі құрметпен аталатын балалар жазушысы – Машқар Гумеровтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр.

Ұсынылып отырған әдістемелік-библиографиялық құралда сіздер жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы ақпарат, кітаптарына шолу, әдебиеттердің библиогрфиялық тізімімен, және М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Л.Қ. Ысқақованың «Машқар Гумеровтың балаларға арналған шығармаларының тәрбиелік мәні» атты мақаласы, іс-шара сценарийлері ұсынылған.

Әдістемелік-библиографиялық құралды құрастыру барысында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының кітап қоры пайдаланылды.
Басылым Машқар Гумеровтің шығармашылығы қызықтыратын оқырмандарға, кітапханашыларға, ұстаздарға арналған.

 

Атаулы күндер күнтізбесі [Мәтін] / Құраст. М. Н. Подгайнова, Ұ. Ө. Жамауова . – Қарағанды: «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы» КММ, 2017. –  28 б.

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының кезекті басылымы – Атаулы күндер және айтулы оқиғалар күнтізбесі.

Бұл басылымда Қазақстан Республикасының мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелері, мерейтойлық күндер мен жазушы, ақын, қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, 2018 жылы аталып өтілетін мәдениет және өнер қайраткерлерінің, ғалымдардың, Қазақстан Республикасының және шет елдердің атаулы және айтулы күндері, сондай-ақ анықталмаған атаулы күндер мен айлар көрсетілген.

Шетелдік авторлардың мерейтойлық кітаптары жеке бөлімде көрсетілген. Бұл басылымның бірегейлілігі, алғаш рет осы күнтізбеге Қазақстандық авторлардың 2018 жылғы мерейтойлық кітаптары енгізілген.

Сонымен қоса күнтізбе құрамына 2018 жылғы белгілі балалар мерейгер жазушыларының шығармашылық қызметінің ақпараттық анықтамалығы және Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қорынан әдебиеттер тізімі енгізілген.

Қарағанды облысы бойынша аталып өтілетін өлкетанулық дата (*) белгісімен белгіленген, балалар ақын – жазушыларының өмірі мен шығармашылығы және балаларға арналған мерзімді басылымдар бойынша берілген ақпараттық анықтамалық (**) белгісімен берілген.

Басылым кітапханашыларға, мұғалімдерге, тәрбиешілерге арналған.

Күнтізбе қазақ және орыс тілдерінде жеке басылымдар болып шығады.

Мұхтар Әуезов әлемі: қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл [Мәтін] : әдістемелік-библиографиялық құрал / құраст.: М.С. Смагулова. – Қарағанды: «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы», 2017. – 24 б.

Туған халқын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов – кемел ойдың кеніші, кенен сөздің өрісі. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына тұңғыш рет қалам тартып, бәрін игеріп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан қарымды қаламгер, дарынды ғалым. Ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған М.О.Әуезов тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын өнегесі.

Жазушының өмірі мен шығармашылығын таныстыру мақсатында «Мұхтар Әуезов әлемі» атты әдістемелік-библиографиялық құралды назарларыңызға ұсынамыз. Ұсынылып отырған әдістемелік-библиографиялық құрал оқырманға заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығымен таныстыруға көмек ретінде құрылған. Әдістемелік-библиографиялық құралда сіздер жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы ақпарат, кітаптарына шолу, әдебиеттердің библиогрфиялық тізімімен, өмірі мен шығармашылығы туралы кейінгі 2 жылда жарық көрген мақалалар, іс-шара сценарийлері ұсынылған. Әдістемелік-библиографиялық құралды құрастыру барысында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының кітап қоры және Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы туралы интернет-сайттардан ақпарат пайдаланылды. Басылым М.Әуезов шығармашылығы қызықтыратын көпшілік қауымға, кітапханашыларға, ұстаздар мен студенттерге арналған.

Көркем сөздің тарланы. Жеңіс Қашқыновтың туғанына 75 жыл [Мәтін] : әдістемелік ұсыныс / құраст.: А. Қ. Еділбай. – Қарағанды: «Абай атындағы Қарағанды облыстық  балалар кітапханасы», 2017. – 31 б.

Балалар әдебиетінің бірегей өкілі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы өлкелік ақын, журналист, атақты Әлімхан Ермековтың туған жиені Жеңіс Қашқыновтың туғанына 75 жыл толып отыр. Жеңіс Қашқынов ақындығымен қоса, мақала, очерктер, ой-толғамдарын ортаға салып, газет-журналдарға бұрын да жазып жүрген қаламгер тәуелсіздік таңы арайлап атқанда тарихи тақырыптарға батыл бара білген ақын. Жеңіс Қашқынов шығармашылығының басты тақырыбы –   халқымызыдың мәрттігі мен ерлігін жырлауға арналған. Сонымен қатар балаларға да арналған шығармалары бар.

Балалар әдебиетінің жолы ауыр да азапты, әсіресе ақындар үшін. Өйткені ақындық түйсік, көкірекпен шыққан рухани биігіңді балалар түсінігіне құлдырату – өзіңді құрбандыққа шалумен пара-пар құбылыс. Азабы мен ғажабы қатар жүретін әдебиеттің бұл саласына жаны сәбидей пәк, ұлтжанды ізгілік иелері ғана барады. Балалар үшін ғана емес, ұлтқа қызмет етудің бір шеті осында. Қысқасы, балалар әдебиетіне бару – ұлтқа қызмет етудің үлкені. Өз әлемін осы жолға жаялық еткен балажан ақын, балалар әдебиетінің майталманы Жеңіс Қашқыновтың өмірі мен шығармашылығын таныстыра отырып «Көркем сөздің тарланы» атты әдістемелік құралды назарларыңызға ұсынамыз. Әдістемелік құралдан  сіздер балалар жазушысы, журналист, ақын Жеңіс Қашқыновтың  өмірбаяны мен  шығармалшылығы жайлы, кітаптарына  шағын түсініктер, оның балаларға жазған туындыларымен таныса аласыздар.