Кітапхана директоры

Уатаева Баян Қуанышқызы

Қарағанды қаласында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітіріп, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ филология факультетіне түсті. 1992 жылы аталған университетті «Филолог. Оқытушы» біліктілігі бойынша бітірген.
2011-2012 жж. Челябинск мәдениет және өнер мемлекеттік академиясының (РФ) «Кітапханалық-ақпараттық қызмет» кәсіби қайта даярлау бағдарламасы бойынша оқыған.
1993-2009 жж. О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің қазақ тілі кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді.
Кітапхана саласындағы жұмысын 2009 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханаларды дамыту бөлімінде кітапханашы болып бастады.
2012-2016жж. Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің, облыстың кітапханаларын дамыту бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды.
2016 жылы «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы» КММ басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды, 2017 жылғы қаңтардан – «Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы» КММ басшысы қызметін атқарады.
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы басшысы ретінде кітапхананың жаңа жетістіктерге жетуіне ықпал етті. Кітапхана келбеті жаңғыртылып, оқырмандар саны артты, 8-ден аса жоба сәтті жүзеге асырылып отыр.
Ол басшылық еткен 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына-2021» мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік балалар немесе жасөспірімдер немесе балалар мен жасөспірмдер кітапханасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Б.Уатаева – біліктілігін арттыруға және кітапхана саласындағы жаңа бағыттарды жұмыс бағытына енгізуге көп көңіл бөледі.
Санкт-Петербург мәдениет және өнер мемлекеттік университеті (РФ) тарапынан ұйымдастырылған Халықаралық Жазғы кітапханалық мектептің оқыту курсында оқыды (2014 ж.). «Innovative role of libraries in modern society and new models of training of specialists» (Заманауи социумдегі кітапханалардың инновациялық рөлі және мамандарды даярлаудың жаңа модельдері) тақырыбындағы халықаралық семинар мен шеберханаға, 2025 жылы болған Халықаралық IFLA конгресіне қатысты.
Кітапхана басшысы ретінде Б.Уатаева серіктестермен белсенді жұмыс істейді және мүмкіндіктерді кеңейту үшін демеушілерді тартады.
Қазақстан Республикасы мен Ресейдің кәсіби баспаларында, ғылыми-еңбектер жинақтарында және журналдарда мақалалары жарияланған. Халықаралық, республикалық, облыстық семинар мен шеберханалар, конференцияларға қатысып, ой бөлісіп, баяндама жасайды.
2023 жылы Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығына орай оның басшылығымен «Балалар кітапханасы: идеялар кеңістігі» халықаралық форумы ұйымдастырылды.
Уатаева Б.Қ. кітапхана жұмысын белсенді ұйымдастырып, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының облыс жұртшылығы арасында танымал болуына, балалардың кітап оқуын ілгерілету бағытында жемісті еңбек етіп келеді.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысы әкімінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған.