Кітапхана тарихы

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Қазақстан Республикасындағы ең үлкен балалар кітапханаларының бірі және Қарағанды облысындағы балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып табылады. Кітапхана жұмыс істеген жылдар кезінде оның залдарынан мыңдаған оқырмандар өтті, олардың барлығы да өзіне қажетті кітабын, клуб және үйірмелердегі қызықты сабақтарын тауып, танымдық кездесулердің куәсі болды.
Кітапхана 1953 жылы қалалық балалар кітапханасының негізінде құрылып, сол кезде қаланың №1 гимназиясының екі кабинетінде ғана орналасқан болатын. Қарағанды қаласының Халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 1954 жылдың 23 наурыздағы шешімімен кітапханаға Бұқар жырау даңғылы (Сталин, Советский), 30-үйде орналасқан тұрғын үйдің бірінші қабатындағы үй-жай бөлінді.
1955 жылы, қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына 110 жыл толған жылы, Қарағанды облысының Халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 12 сәуірдегі шешімімен кітапханаға Абай Құнанбаевтың есімі берілді.
Кітапханада жыл сайын 12 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіліп, 240 мыңнан астам басылым беріледі.
Кітапхана қоры жыл сайын балаларға арналған үздік басылымдармен толықтырылып отырады және бүгінде 140 мыңнан астам құжатты құрайды. Абай атындағы балалар кітапханасы балаларға арналған үздік көркем шығармалар топтамасымен, ғылыми-танымдық, анықтамалық кітап басылымдарымен, сонымен қатар аудиобейне материалдары мен электрондық құжаттармен және газет-журналдармен танысуға мүмкіндік береді.
Кітап қоры раритет басылымдарымен бай, олардың біршамасы қайта басылып шықпаған болса, кейбірі тек бір данада ғана кездеседі. XIX ғасырдың басында және ХХ ғасырдың ортасында жарық көрген басылымдар, авторлардың қолтаңбалары бар кітаптар — кітапхананың мақтанышы.
2000 жылдан бастап оқырмандарға заманауи қызмет көрсету мақсатында кітапхана үдерісін автоматтандыру бойынша жұмыстар басталды, оқырмандарды тіркеу, кітап іздеу қызметтері автоматтандырылған.
Кітапхана құрылымы заман талабына сай өзгеріп отырады. Облыстық балалар кітапханасы құрылған кезден бастап оқырмандар үшін екі негізгі бөлім жұмыс жасап келеді: олар – мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі мен орта және жоғары сынып жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі. Қазіргі уақытта аталған екі бөліммен қатар негізігі қорды сақтау, құжаттарды өңдеу және толықтыру бөлімі, инновациялық-әдістемелік бөлімі мен кітапхана үрдісін автоматтандыру бөлімдері жұмыс жасайды.
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы кітап оқуды қолдау және баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру мақсатында ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырып келеді: «Балалар. Кітап. Жаз»., «Балалар сіздер үшін жасаймыз!», «Поэтикалық мұра қазыналары», «Аяла» және «Ертегілер мен тарихтар сағаты».
Абай атындағы Қарағанды ОБК оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, балалар бөлімдерін қайта жобалауда және келушілерге арналған демалыс аймақтарын құруда.
Кітапханада балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр түрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс жасайды:
«Қауырсын қалам» клубы (12-15 жас)
«Книгокиномания» клубы (12-15 жас)
«Жәдігер» клубы (12-15 жас)
«Қызықты ғылым» кітапханалық зертханасы (6-12 жас)
«Кел, қазақша сөйлейік» үйірмесі (6-12 жас)
«Шуақ» балалардың шығармашылық студиясы (3-6 жас)
«English through games» үйірмесі (5-8 жас)
«FreeStyle» арт-шеберханасы (8-12 жас)
«Шеге мен балға» ұл балаларға арналған үйірмесі (8-12)
«Корей тілі» үйірмесі (11-14)

Scroll to Top