«Жұмекеннің баға жетпес таланты» жайлы бейнедәріс

12 қараша күні кітапханада қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Жұмекеннің  баға жетпес таланты» атты бейнедәріс  автордың шығармашылығын зерттеуші Марат Азбанбаевтың қатысуымен өткізілді.

Іс-шара қонағы Ж.Нәжімеденовтің өмірбаяны мен шығармашылық мұрасын зерттеуге 10 жылдан астам уақыт арнаған ақынның №33 Қарағанды шахтасындағы («Майқұдық» шахтасы) жұмысына байланысты өмірінің ерте кезеңіне ерекше назар аударады.

Шахтаның қиын жағдайына, барлық күш-жігерін еңбекке жұмсай отырып, ақынның мінезі шыңдалды, оның азаматтық жауапкершілік пен патриотизм туралы идеялары қалыптасты.

Жұмекеннің есімі, Марат Ақторғайұлы айтқандай, Қазақстанның Шахтер астанасының қалыптасу тарихына алтын әріптермен жазылды. Қарағандының басқа да даңқты есімдерінің арасында бұл есімді мәңгі есте қалдыру  бүгінгі ұрпақтарының парызы. Зерттеуші М. Азбанбаев көзі тірісінде  Ж. Нәжімеденовтің жары – Нәсіп апаймен таныс болып ақынның шығармашылығы туралы көптеген мәліметтер алғаны туралы айтып өтті.

Бір күні газеттердің бірінде оның сұхбатын көрген Марат Ақторғайұлы облыстық архивке сауал жолдауға шешім қабылдады.

Жергілікті архивтегі материалдарың аздығынан, зерттеуші президенттік мұрағат қорларына жүгінуге мәжбүр болды. Жеке тұлғаның өмірбаянымен айналыса отырып, М. Азбанбаев Ұлы соғыстың қыспағына тап болған адамдардың шынайы жағдайын қатал және адал көрсететін көптеген құжаттарды аша алды.

Оқырмандар кітапхананың қорынан  автордың көзі тірісінде жарық көрген сирек кездесетін басылымдарды да, әдемі қатты мұқабадағы заманауи жинақтарды да таба алады. Олардың кейбіреулері бейнедәріске дайындалған «Жыр да жазған, кен де қазған – Жұмекен» атты кітап көрмесіне қойылды.

60-70 жылдардағы бірнеше шағын форматтағы кітаптар ерекше қызығушылық тудырады. Бұл кітаптар автордың өзі жұмыс істеген әйгілі «Жазушы» баспасы дайындады. Мысал ретінде «Жарық пен жылу» (Алматы: Жазушы, 1966), «Мезгіл әуендері» (Алматы: Жазушы, 1968) және т. б.

Жұмекен Нәжімеденов қысқа ғұмырында көптеген жоспарлары орындалмай қалды. Бірақ автордың жазбалары халқымыздың рухани қазынасынан лайықты орын алды.

photo_2020-11-12_17-14-46
photo_2020-11-12_17-14-52
photo_2020-11-12_17-14-56

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Санжар Көбентаевпен кездесу.

12 қараша күні «Saryarqa» телеарнасында «Жетістік формуласы»  бенефис-шоу бағдарламасының түсірілімі өтті.

Бағдарламаның кезекті түсірілімі   «Асар Қарағанды» қоғамдық қорының атқарушы директоры, қоғам белсендісі Көбентаев Санжар мен   А.Байтұрсынов атындағы №41 мектеп-гимназиясы, Н.Нұрмақов атындағы №58  мамандандырылған мектеп-интернаты  оқушыларының арасындағы диалог-сұхбатқа арналды. Бағдарлама 27 қарашада эфирге шықты.

Түсірілім барысында Санжар  оқушылар тарапынан қойылған түрлі қызықты сұрақтарға жауап беріп, волонтерлық қызметтің ерекшеліктері мен қызықты тұстарын атап өтті. Ол волонтерлық қызметін 2016 жылы университет қабырғасында оқып жүрген кезінен бастаған. Өзінің волонтерлық жолға келуі жайында: «Мұқтаж жандарға қол ұшын созуды мен бала күнімнен арман еттім. Себебі жасы үлкен ағаларымның халықтың игілігі үшін жасаған ізгі істерін көріп өстім. Өзгелерді қуанту, оларға қол ұшын беру үлкен бақыт. Екінші себеп болған фактор: менің университет қабырғасында бірге оқыған достарым, ортам. Сол үшін қашан да жүрген орталарыңа мән беріңдер»,- дейді Санжар Көбентаев.

Бүгінде «Асар Қарағанды» қоғамдық қоры 5 бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде «Береке» бағыты бойынша  көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік үлестірілетін болса,  «Мектепке жол» бағыты бойынша оқу жылы басталғанда есепке алынған отбасылардың балаларына  мектеп формалары мен оқу-құралдары таратылады.

Санжар Көбентаев оқушыларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Өзіңді дамыту үшін ешқашан кеш емес екенін, уақытты тиімді пайдаланып, тіл үйренуге, түрлі курстарға барып, жан-жақты дамуға кеңес берді. Бүгінде өзінің домбыра курсына жазылып, дауыс қойып жаттығып жүргенін, болашақта өзін дәстүрлі әнші ретінде көргісі келетінін атап өтті.

Жетістікке жетудің бірден-бір жолы кітап оқу екенін баса айтқан Санжар оқушыларға күніне кем дегенде 10 минут уақыттарын кітап оқуға арнауға, Е.Тұрсыновтың «Мәмлүк»,  Ч.Хуперттің «Искусство харизмы» кітаптарын оқуға кеңес берді.

«Волонтер деген сөзді естігенде бәріміздің көз алдымызға студенттер мен мектеп оқушылары елестейді. Жоқ, қоғамға жақсылық жасау бәріміздің қолымыздан келеді. Ол үшін ең алдымен ниет керек. Мен мұқтаж жандарға көмектесуді өзімнің адамдық, азаматтық парызым деп білемін», -дейді Санжар Көбентаев.

Түсірілім барысында  ең қызықты сұрақтар қойып, белсенділік танытқан №58 мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ораз Аружанға бағдарлама қонағы арнайы «Асар Қарағанды» қоғамдық қорының атынан дайындалған сыйлығын ұсынды.

Бағдарлама соңында Санжар Көбентаевқа ұйымдастырушылар «Жетістік формуласы» естелік кәдесыйы мен «Абайдың қара сөздері», «Қазақстанның қызғалдақтары» кітаптарын сыйға тартты.

IMG_0215
IMG_0220
IMG_0221
IMG_0222
IMG_0223
IMG_0225

 

 

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Эльмира Сыздықовамен кездесу

22 қазан күні «Жетістік формуласы» бенефис-шоу  кітапханалық жобасы аясында «SARYARQA» телеарнасының студиясында  №21НОМ,  Ғ.Мұстафин атындағы №83 ЖББОМ, №97 гимназияның жоғары сынып оқушылары (24 адам) жиналды. Бұл күні балалар Қазақстандық спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, еркін стильдегі балуан, 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықовамен кездесті. Бағдарлама 6 қарашада эфирге шықты.

Спортшының өмірі ешқашан бірқалыпты болмайды. Жеңіс үлкен күш пен тәжірибе арқылы келеді. Алғашқы маңызды сәтті жарыстардан кейін Эльмираның жүрегінде жеңіске деген құштарлық пайда болады, ата-анасының қолдауы да спортшы үшін маңызды екенін айта келе, күрес секциясына ағасы Райымбектің алып келгенін есіне алды.

Күнделікті өмірде Эльмира Сыздықова – қарапайым қыз, тамақ дайындағанды, тоқуды ұнатады, бос уақытында кітап оқиды.

Телетүсірілім қонағы қазіргі түрік авторы, бірнеше ұлттық және халықаралық әдеби сыйлықтардың, соның ішінде әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукты ерекше атап өтті.

Эльмира-спорттық жетістіктің үлгісі, оның жетістікке жетуіне «қажырлы еңбек пен тәртіп, сонымен қатар жүйелі  жаттығулар әсер етті» дейді спортшы қыз.

Студиядағы қонақ пен балалар арасындағы сұхбат өте мазмұнды болды. Оқушыларды Эльмираның балалық шағы, оның хоббиі, армандары, болашаққа жоспарлары, отбасылық құндылықтары сынды түрлі тақырыптағы сұрақтар қызықтырды. Спортшы сәттіллікке жетудің жолы  «Ең бастысы – мақсат пен жеңіске деген сенім» деп жауап берді.

Бенефис-шоу шарты бойынша мейман ең белсенді қатысушы ретінде №21 НОМ 9 «Б» сынып оқушысы Мадина Хажимаматованы атап өтіп, оған өзінің арнайы сыйлығын сыйлады.

Өз кезегінде жоба ұйымдастырушылары талантты спортшыға табыстылық пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйын, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың «Қара сөзі» мен Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» кітабтарын табыс етті.

«Түрлі – түсті қолшатыр»

21 қазан күні әр сәрсенбі күні болатын «Шуақ» балалардың шығармашылық студиясының сабағы өтті. М.Жаманбалинов «Көңілді қолшатыр» өлеңінің негізінде «Түрлі – түсті қолшатыр» тақырыбында аппликациялық жұмыс жасалынды. Бүгінгі сабаққа біздің кішкентай оқырманымыз балалар және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісі Акишева Назерке ерекше ынтамен қатысты.

Өзара сыйластық құндылығы

Кітапханада 15 қазан күні «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме елімізде жыл сайын 18 қазанда атап өтілетін Рухани келісім күніне арналып орайластырылған.

Бұл күнді мерекелеудің басталуы 1992 жылы қазанда Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-ші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. Бүгінде республикада 140-тан астам ұлттар мен ұлыстар және 18 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Республикамызда мекендейтін барлық халықтардың адамгершіл және рухани бірлігі еліміздің одан әрі гүлденуінің басты іргетасы. Бұл күнді бекіту бастамасы еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі.

Айтулы шараға орай ұйымдастырылған кітап көрмесі жас оқырмандарды ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат, Қазақстанның көпұлтты халқының қалыптасу тарихы туралы баяндайтын өзекті басылымдармен таныстырады.     Кітапхана пайдаланушылары кітап көрмесімен  қашықтықтан танысып, көрмені қашықтықтан тамашалай алатын мүмкіндіктері бар.

Көрме материалдары бойынша ең қызықты және танымдық басылымдар бойынша виртуалды шолу жасалды. Виртуалды  шолу кітапхананың барлық әлеуметтік желілерінде орналастырылған. Сондай-ақ, оқырмандардың көрме мен онда ұсынылған кітаптар туралы қосымша ақпарат алуы үшін кітапханаға онлайн-режимде хабарласу мүмкіндігі бар.

«Сағат сыры»

14 қазан күні «Шуақ» балалардың шығармашылық студиясының кезекті сабағы өтті. Сабақта ақын Қадыр Мырза Әлидің «Сағат сыры» өлеңі негізінде «Көңілді сағат» тақырыбында аппликациялық жұмыс жасалынды.

Бүгінгі сабағымыздың белсенді қатысушылары №17 мектептің 4 «а» сыныбының оқушылары Қайыркен Жансая, Секен Аяулым және 2 «ә» сыныбының оқушысы Қайыркен Қуаныш.

Кітапхана шақырады…

14 қазанда кітапханаға № 17 ЖОББМ 6-сынып оқушылары келді. Балаларға «Кітапхана шақырады….» таныстыру экскурсиясы өткізілді. Оқушылар кітапхана тарихынан жалпы мағлұмат алып, бөлімдердің қалай жұмыс істейтінін және оқырмандарға қандай кітапханалық қызметтер көрсетілетіні жайлы білді.

Кітапхана жаңа оқырмандарды тарту және балалар әдебиетін насихаттау бойынша белсенді бұқаралық жұмыс жүргізеді.

Қорлар тез арада жаңа кітаптармен және классикалық және де заманауи танымал авторлардың жаңа басылымдарымен жинақталады.

Қазіргі жағдайда көбірек қызметтер қашықтан көрсетіледі. Кітапхана оқырмандарға виртуалды анықтама, онлайн-ұзарту және басқа да сервистерді ұсынады.

Пайдаланушылар көптеген пайдалы ақпаратты әлеуметтік желілердегі кітапхана парақшаларынан және сайттан таба алады.

«Соғыс жайлы бірер сөз. Я расскажу вам о войне»

Қарағанды қаласының 4-6 сынып оқушыларының арасында өткізілетін «Соғыс жайлы бірер сөз. Я расскажу вам о войне»  атты байқауымыз қазіргі таңдағы жағдайға байланысты 2021 жылға ауыстырылды.

Өтініш қалдыру мерзімі 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартылады.

Сізді байқау қатысушы ретінде көруге қуаныштымыз!

Байқау шарттары өзгеріссіз қалады.

Қосымша сұрақтар бойынша байқаудың ұйымдастырушысы Кучаева Елена Олеговнаға хабарласа аласыздар. ж.т. 8(7212) 412325;  сот. 87786272300

         

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Жігер Телюқановпен кездесу

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс-шараларының республикалық тізбесіне енгізілген «Жетістік формуласы» кітапханалық жобасының аясында 2020 жылғы 7 қазанында «SARYARQA» телеарнасында кезекті телевизиялық түсірілім өтті.

Диалог алаңында Ақтау қаласынан келген жас педагог, Англияда өткен ұстаздар арасындағы халықаралық байқаудың «Әлемдегі үздік химия пәнінің мұғалімі» номинациясы бойынша жеңімпазы Жігер Ерболұлы Телюқанов  №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты, №92 гимназия және №17 ЖББОМ оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында жас педагог өзінің балалық шағы мен өскен ортасы, ұстаздық мамандықты қалай таңдағаны туралы, өзінің болашақта қол жеткізуді мақсат етіп қойған армандары жайлы мектеп оқушыларына баяндап берді. Оқушылар кездесу қонағына бүгінгі химия ғылымы мен оның дамуы туралы, химик болудың қыр-сыры, өмірлік ұстанымдары мен ұстаздық етудің қоғамдағы ролі жайлы сұрақтарын қоя отырып, осындай жетістікке жетуінің сырына үңілді.

Жігер Ерболұлы оқушылардың әр түрлі сұрақтарына жауап бере отырып Лондон қаласында өткен байқау мен одан алған әсерін ортаға салды. Аталмыш конкурсқа әлемнің 100-ден аса ұстаздары қатысыпты. Сайыстың жеңімпазына Англияда тегін магистрлік білім алу сертификаты табысталған. Алайда Жігер гранттан бас тартып, елге қызмет етуді жөн деп тапқан. «Біздің борышымыз бар. Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты біздің ұлы зиялыларымыз өз заманында жастарға білім беру керек деп өздерінің жанын пида еткен болса, дәл солардың жолын қуатын тек қана қазақтың қарапайым қара домалақ баласының біріміз ғой”, – дейді педагог. Қазақ ұлттық университетінде оқып, білімін Англия мен Францияда жалғастырған Жігер Телюқанов жеті тілде еркін сөйлейді.

Бенефис-шоудың шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақты таңдап, сұрақ авторына арнайы дайындап әкелген сыйлығын естелік ретінде берді.

Жоба ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Жігерге табыстылық пен танымалдықтың символы «Жетістік формуласы» кәдесыйын және Абайдың «Қара сөздері» мен Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабын табыс етті.

«Көңілді асқабақ»

7 қазан күні «Шуақ» балалардың шығармашылық студиясы өзінің сабағын қайта бастады.

Сабақта біздің кішкентай оқырмандарымыз О.Иркегулова  «Бақша.Огород» кітапшасының негізінде «Көңілді асқабақ» тақырыбында аппликациялық жұмыс жасады.
Бүгінгі сабаққа «Бақыт» балабақшасының бүлдіршіні Рахметулла Асланби белсенді қатысты.