Ән – көңілдің ажары

Ән – көңілдің ажары

Кітапханада сәуір айының 12-і күні қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Ән – көңілдің ажары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке «Бәйтерек» шипажайында ем алып жүрген балалары қатысты.

Әміре Қашаубаев шетел сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ. 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан», тағы басқа әндерді орындап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. Әміре қазақ әншілік өнерін әлемге паш еткен, батыстың ұлы мәдениет қайраткерлерінің ауыздарына түскен ән атасы десек артық болмас.

Кеш барысында «Әміре Қашаубаевты білмейтін қазақ кемде-кем» атты презентация, Білім және Мәдениет арнасынан алынған «Тұңғыштар» атты бейнебаян көрсетіліп, әншілігі елден асқан қазақтың дарынды ұлының өмір жолы жайлы ақпарат берілді. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 2-курс студенті Мұхтар Сәтқозы Ақан серінің «Балқадиша», Мәриям Жагорқызының «Дудар-ай» әндерін тамылжыта шырқап, балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара соңында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесіп түсірілген «Әміре» фильмінің трейлері көрсетілді. «Ән асқары – Әміре» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалып өтті.

Comments are closed.