«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Санжар Көбентаевпен кездесу.

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Санжар Көбентаевпен кездесу.

12 қараша күні «Saryarqa» телеарнасында «Жетістік формуласы»  бенефис-шоу бағдарламасының түсірілімі өтті.

Бағдарламаның кезекті түсірілімі   «Асар Қарағанды» қоғамдық қорының атқарушы директоры, қоғам белсендісі Көбентаев Санжар мен   А.Байтұрсынов атындағы №41 мектеп-гимназиясы, Н.Нұрмақов атындағы №58  мамандандырылған мектеп-интернаты  оқушыларының арасындағы диалог-сұхбатқа арналды. Бағдарлама 27 қарашада эфирге шықты.

Түсірілім барысында Санжар  оқушылар тарапынан қойылған түрлі қызықты сұрақтарға жауап беріп, волонтерлық қызметтің ерекшеліктері мен қызықты тұстарын атап өтті. Ол волонтерлық қызметін 2016 жылы университет қабырғасында оқып жүрген кезінен бастаған. Өзінің волонтерлық жолға келуі жайында: «Мұқтаж жандарға қол ұшын созуды мен бала күнімнен арман еттім. Себебі жасы үлкен ағаларымның халықтың игілігі үшін жасаған ізгі істерін көріп өстім. Өзгелерді қуанту, оларға қол ұшын беру үлкен бақыт. Екінші себеп болған фактор: менің университет қабырғасында бірге оқыған достарым, ортам. Сол үшін қашан да жүрген орталарыңа мән беріңдер»,- дейді Санжар Көбентаев.

Бүгінде «Асар Қарағанды» қоғамдық қоры 5 бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. Оның ішінде «Береке» бағыты бойынша  көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік үлестірілетін болса,  «Мектепке жол» бағыты бойынша оқу жылы басталғанда есепке алынған отбасылардың балаларына  мектеп формалары мен оқу-құралдары таратылады.

Санжар Көбентаев оқушыларды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Өзіңді дамыту үшін ешқашан кеш емес екенін, уақытты тиімді пайдаланып, тіл үйренуге, түрлі курстарға барып, жан-жақты дамуға кеңес берді. Бүгінде өзінің домбыра курсына жазылып, дауыс қойып жаттығып жүргенін, болашақта өзін дәстүрлі әнші ретінде көргісі келетінін атап өтті.

Жетістікке жетудің бірден-бір жолы кітап оқу екенін баса айтқан Санжар оқушыларға күніне кем дегенде 10 минут уақыттарын кітап оқуға арнауға, Е.Тұрсыновтың «Мәмлүк»,  Ч.Хуперттің «Искусство харизмы» кітаптарын оқуға кеңес берді.

«Волонтер деген сөзді естігенде бәріміздің көз алдымызға студенттер мен мектеп оқушылары елестейді. Жоқ, қоғамға жақсылық жасау бәріміздің қолымыздан келеді. Ол үшін ең алдымен ниет керек. Мен мұқтаж жандарға көмектесуді өзімнің адамдық, азаматтық парызым деп білемін», -дейді Санжар Көбентаев.

Түсірілім барысында  ең қызықты сұрақтар қойып, белсенділік танытқан №58 мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ораз Аружанға бағдарлама қонағы арнайы «Асар Қарағанды» қоғамдық қорының атынан дайындалған сыйлығын ұсынды.

Бағдарлама соңында Санжар Көбентаевқа ұйымдастырушылар «Жетістік формуласы» естелік кәдесыйы мен «Абайдың қара сөздері», «Қазақстанның қызғалдақтары» кітаптарын сыйға тартты.

IMG_0215
IMG_0220
IMG_0221
IMG_0222
IMG_0223
IMG_0225

 

 

Comments are closed.