«Жетістік формуласы». Салтанат Ахметова

«Жетістік формуласы». Салтанат Ахметова

2021 жылғы 15 қазанда «Жаңа телевидение» телеарнасының түсірілім алаңында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті жазбасы өткізілді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Операның» жетекші солисі, ресейлік «Үлкен опера» тележобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова бағдарлама қонағы болды.
Музыкамен айналысатын, вокал студиясына баратын және академиялық әншілікке оқитын балалар жас опера әншісін студияда қарсы алды.
«Астана Опера» театрының дарынды солисі Салтанат Ахметова өзінің балалық шағынан естеліктерімен бөлісті: «Мен кішкентай кезімнен филармонияда болдым, радиодан берілетін классикалық музыканы жақсы көретінмін. Классика маған әрқашан керемет әдемі болып көрінетін. Мен өмірімді операмен байланыстыруды армандадым. Бала кезімнен музыка менің жүрегімде болды». Кішкентай Салтанат әйгілі опера орындаушыларының таңғажайып дауыстарын тыңдап, оларды сүйіспеншілікпен қайталайтын, егер оның әуені ұқсас дыбысталса қатты қуанатын.
Балалар опера саңлағынан кәсібіндегі қиындықтар туралы, оларды қалай жеңу керектігі жөнінде кеңес сұрады. Олар Салтанаттың музыкаға деген қызығушылығын ата-анасының бала кезінен қатты қолдағанын білді. «Ата – ананың өз баласының қызығушылығын түсінгені өмірдегі ең жақсы ұстаным», – деді Салтанат.
Балалардың сұрақтары көп болды. Опера әншісі балаларға сахнадағы толқуды қалай жеңетінін айтты, бос уақытында соул, блюз тыңдағанды ұнататынын және үйде караокеде ән айтатынын атап өтті.
«Қазір мен классикалық музыканы орындауға ынталы және оны жақсы көретін көптеген дарынды балаларды кездестіремін, оларға сабақ беремін. Операға қызығушылық танытатын адамдар барда, оның ғұмыры ұзақ болмақ», – деді Салтанат.
Қонақ бағдарлама шарты бойынша балалар қойған ең жақсы сұрақты анықтауы тиіс еді. Ал Салтанат диалогқа қатысқан барлық баланы ынталандырып, бағдарламаның әрбір қатысушысына Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының музыкалық қойылымына билет сыйлады.
«Астана операның» жетекші солисі С.Ахметова бағдарлама ұйымдастырушыларынан ретінде «Жетістік формуласы» мүсіншесі мен Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабын алды.

IMG_5318
IMG_5320
IMG_5322

Comments are closed.