ШӘКЕН КҮМІСБАЙҰЛЫ – 80 ЖЫЛ

Шәкен Күмiсбайұлы (1943-2022) – балалар жазушысы, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Ш. Күмібайұлының туған жері Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қаракөз ауылы.
Ш. Күмісбайұлы өз ауылында мұғалім, республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында, «Қазақ елі», «Ана тілі» газеттерінде әдеби қызметкер, республикалық «Бала би», «Айгөлек» журналдарында жауапты хатшы, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов мұражайында бөлім меңгерушісі, «Балалар әдебиеті» баспасында бас редактор болып қызмет атқарған.
Алғашқы әңгімесі «Жеңеше» деген атпен 1965 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған. 1971 жылы, 1975 жылдар екі мәрте балалар мен жастарға арналған «Жалын» бәйгесінде жүлдегер болған. «Филипп Морисс», «Астана – Бәйтерек» сияқты балаларға арналған әдеби конкурстарында бас бәйге, «Балауса» бәйгесінде екінші орын алған. 1983 жылдан бері Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, кейінде басқарма мүшесі болды. 2008 жылы «Солақай» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесін ұйымдастырушысы. «Жүректен жүрекке» атты ұлттық журналистер мен ақпарат құралдары байқауының бас бәйгесін алып, «Қазақ тілді баспасөздің үздік журналисі» атанған.
Жеке әңгімелері украин, орыс, белорус, монғол, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған топтама жинақтарға енген.
2008 жылы қазақ балалар жазушыларының «Балалар бағының бағбандары» атты анықтамалық жинағын құрастырған.
Ш. Күмісбайұлының таңымал шығармалары: «Ақсақ шал» (1972), «Тау жолдары» (1977), «Соқ, барабан» (1979), «Таудағы жазу» (1983), «Кішкене шал» (1986), «Қаладағы келін» (1989), «Қарақуыстың желі» (1991), «Атамның аманаты» (2001), «Қайсар бала», «Бір арқа отын», «Айдын көлдің аққулары», «Жапандағы жалғыз», «Солақай», «Итталас», «111 жұмбақ-әңгімелер», «Тұңғыштар», «Шатақ шырпы», «Қалам мен дәптер», «Бейтаныс заттар дауы», «Табиғат – Ана», «Қазақтың нобелі», «Шапағатты шырақ», «Мамания», «Түнгі текетірес», «Ескінің көзі».
Балаларға арналып жазылған «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай», «Шақшақ Жәнібек», «Райымбек батыр», «Әлемді әнімен асқақтатқан «Дос-Мұқасан» атты кітаптары бар. Мектеп бағдарламасын арнап «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын» эпостарын поэзиядан қара сөзге айналдырған.
Ш. Күмісбайұлының әр жылдары жарық көрген 50-ден астам кітаптары Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қорында сақталған: