«Абай мұрасы – мәңгілік мирас» мультимедиялық көрме-инсталляцияның тұсаукесері

«Абай мұрасы – мәңгілік мирас» мультимедиялық көрме-инсталляцияның тұсаукесері

2020 жылдың 13 қаңтарында сағат 12.00-де Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында ақын, композитор, ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Абай мұрасы – мәңгілік мирас» мультимедиялық көрме-инсталляциясының тұсаукесері өтті.

2020 жыл – ұлы ақын, ағартушы Абайдың 175 жылдық мерейтой жылы. Абай шығармашылығының мәдени маңызы баға жетпес.

Қарағанды облыстық балалар кітапханасы 1954 жылдан бастап ұлы ағартушының есімімен аталып келеді.

Кітапхананың оқу залында дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаттың 7-сынып оқушылары, кітапхана оқырмандарымен қонақтарының қатысуымен өткен көрменің тұсаукесерінде Абай Құнанбайүлының тек қағаз нұсқасындағы ғана емес, электрондық түріндегі шығармалары ұсынылды. Көрменің ашылу салтанатында кітапхана оқырмандары Владимирқызы Айсұлу мен Болатбек Мағжан Абай өлеңдерін оқыды.

Кітапханашылар кітапхананың раритет қорындағы М.Әузовтің 1948 жылы басылып шыққан «Абай» романы, А. Құнанбаевтың 1951 жылғы «Избранное» кітабы, 1954 жылғы «Стихотворения, поэмы, проза» жинағымен, 1957 ж. жарық көрген Абай (Ибраһим) Құнанбаев «Шығармаларының екі томдық толық жыйнағы» кітабы, 1949 жылғы А. Пушкин «Таңдамалы шығармалары» жинағындағы «Евгений Онегин» романының Абай аудармалары және тағы да басқалары туралы әңгімелеп айтып берді.

Көрмеге қойылған «Абайтану әліппесі» атты балаларға арналған интерактивті кітап ұлы ақынның шығармаларын оқып қана қоймай, оларды интерактивті қаламмен тыңдауға мүмкіндік береді. Ал компьютер арқылы пайдаланушылар Абай туралы деректі және көркем фильмдерді көре алады.

Көрменің тұсаукесерінде Абайдың қазақ, орыс, неміс, француз, ағылшын және корей тілдеріндегі шығармаларына назар аударылды. Ұсынылған құжаттардың жалпы саны – 130.

Көрмеге Қарағанды облысының Суретшілер одағының мүшелері жазған «Абай портреті» картинасы, қазақ халқынан шыққан бірінші кәсіби мүсінші, Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевтың 1954ж. жасалған «Абай» мүсіні, Абай Құнанбаев бейнеленген маталы кілем, суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Арент Виктор Антонович жасаған Абай ескерткіштерінің шағын көшірмелері қойылды.

Comments are closed.