Асан Мирас Болатович (13.05.1987 ж.) Талантты жас ақын 1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы Бақты ауылында дүниеге келген. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Педагогика ғылымдарының магистрі. Университетте оқып жүргенінде оның өлеңдері назарға алынып, студенттер арасында танымал болды. Алғашқы өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді басылымдарда: «Орталық Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Қасым» журналында жарияланды. Мирас Асан Қарағанды облысының мәдениет басқармасында редактор, «Қасым» республикалық қоғамдық әдеби журналы бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеді. 2010 жылы жас дарындардың XIII Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты болды. 2011 жылы оның өмір, махаббат, туған өлке, табиғат сұлулығы және т.б. туралы 170-тен астам өлеңдері енген «Соңғы раушан» өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ол сонымен бірге «Бекзат» лирикалық шығармалар жинағының авторы болып табылады. Бүгінгі күні журналистік қызметпен айналысып, облыстық «Орталық Қазақстан» және республикалық «Егемен Қазақстан» газеттері үшін мақалалар жазады. Танымал қазақстандық ақын Жадыра Байбұлановаға үйленген.