Бір аймақ-бір кітап: «Жау тылындағы бала»

Бір аймақ-бір кітап: «Жау тылындағы бала»

Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы жалпы білім беретін мектептер мен мамандандырылған мектеп-интернат оқушыларына кітап оқуға қызығушылығын арттыру, көркем әдебиет оқу арқылы жасөспірімдердің рухани және адамгершілік әлеуетін дамыту мақсатында «Бір аймақ – бір кітап» облыстық акция жариялады. Акция ұстанымы: «Мен де оқимын, сен де оқисың, Қарағанды өңірінің бәрі де оқиды».

Осы шара аясында кітапханада қызметкерлері 2018 жылдың сәуір айының 18 күні №1 «Білім – инновация» лицей-интернатына барып Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті, жауынгер жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» повесі бойынша әңгіме-талдауға қатысып қайтты.

“Жау тылындағы бала” повесі-Ұлы Отан соғысы кезінде жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зор ерліктерін үлкен тебіреніспен жазған. Бұл повесте сұрапыл Ұлы Отан соғысы кезінде Украина жерінде он жасар қазақ баласының партизандар қатарында болған қилы өмір соқпағы суреттеледі.

Дөңгелек үстелдің қорытынды талдауы 5 кезеңнен тұрды: «Ер есімі – ел есінде», «Зымыран сұрақтар» «Танисың ба, сен мені?», «Бестік дикант», «Шығармашылық жұмыс». Әңгіме-талдауға қатысқан 7 сынып оқушылары 5 кезеңнің барлық сұрақтарына ұтымды жауап берді. Іс – шара соңында балалар жазушының «Жау тылындағы бала» кітабы бойынша «Шығармашылық жұмыс» жазып өз ойларын білдірді. «Жазушы – тарих шежіре» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Comments are closed.