Балалар кітапханасының басты міндеті - балалардың кітап оқу дағдыларын дамыту, балаларға адамгершіліктің жақсы қасиеттерін сіңіру арқылы бәсекеге қабілетті Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеу мақсатында жан-жақты жұмыс жасау.

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Қазақстан Республикасындағы ең үлкен балалар кітапханаларының бірі және Қарағанды облысындағы балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып табылады. Кітапхана жұмыс істеген жылдар кезегінде оның залдарынан мыңдаған оқырмандар өтті, олардың барлығы да өзіне қажетті кітабын, клуб және үйірмелердегі қызықты сабақтарын тауып, танымдық кездесулердің куәсі болды.

Кітапхана 1953 жылы қалалық балалар кітапханасының негізінде құрылып, сол кезде қаланың №1 гимназиясының екі кабинетінде ғана орналасқан болатын. Қарағанды қаласының Халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 1954 жылдың 23 наурыздағы шешімімен кітапханаға Бұқар жырау даңғылы (Сталин, Советский), 30-үйде орналасқан тұрын үйдің бірінші қабатындағы үй-жай бөлінді.

1955 жылы, қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың туғанына 110 жыл толған жылы, Қарағанды облысының Халық депутаттары кеңесі атқарушы комитетінің 12 сәуірдегі шешімімен кітапханаға Абай Құнанбаевтың есімі берілді.

Кітапханада жыл сайын 12 мыңнан аса оқырманға қызмет көрсетіліп, 240 мыңнан астам басылым беріледі.

Кітапхана қоры жыл сайын балаларға арналған үздік басылымдармен толықтырылып отырады және бүгінде 138 мыңнан астам құжатты құрайды. Абай атындағы балалар кітапханасы балаларға арналған үздік көркем шығармалар топтамасымен, ғылыми-танымдық, анықтамалық кітап басылымдарымен, сонымен қатар аудиобейне материалдары мен электрондық құжаттармен және газет-журналдармен танысуға мүмкіндік береді.

Кітап қоры раритет басылымдарымен бай, олардың біршамасы қайта басылып шықпаған болса, кейбірі тек бір данада ғана кездеседі. XIX ғасырдың басында және ХХ ғасырдың ортасында жарық көрген басылымдар, авторлардың қолтаңбалары бар кітаптар - кітапхананың мақтанышы.

2000 жылдан бастап оқырмандарға заманауи қызмет көрсету мақсатында кітапхана үдерісін автоматтандыру бойынша жұмыстар басталды, оқырмандарды тіркеу, кітап іздеу қызметтері автоматтандырылған. Электронды каталогты құру бойынша жұмыс жасалып келеді, 2020 жылдың 01 қазанындағы мәліметі бойынша кітапхана қорының 80% электронды каталогқа енгізілген.

Кітапхана құрылымы заман талабына сай өзгеріп отырады. Облыстық балалар  кітапханасы құрылған кезден бастап оқырмандар үшін екі негізгі бөлім жұмыс жасап келеді, олар – мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі мен орта және жоғары сынып жасындағы балаларға қызмет көрсету бөлімі. Қазіргі уақытта аталған екі бөліммен қатар негізігі қорды сақтау, құжаттарды өңдеу және толықтыру бөлімі, инновациялық-әдістемелік бөлімі мен кітапхана үрдісін автоматтандыру бөлімдері жұмыс жасайды.

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы кітап оқуды қолдау және баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру мақсатында ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асырып келеді:

  • «Балалар. Кітап. Жаз» кітапхана алаңы;
  • «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен телебағдарлама форматына ауысқан «Жетістік формуласы» бенефис-шоуы;
  • «Қазақтану» жобасы аясында мәдениетті, тарихты және рухани мұраны насихаттауға бағытталған «Киіз үй» этноконструкторын құрастыру бойынша тренингтер.

2017 жылдан бастап Абай атындағы Қарағанды ОБК оқырмандарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында белсенді жұмыс істеуде, балаларға қызмет көрсету бөлімдеріне редизайн жасалып, «Күншуақ» зияткерлік даму залы ашылды, келушілер үшін демалыс орындары құрылды. Оқу залының өзгеруі нәтижесінде абонемент аумағының ұлғаюы, қордың ашықтығы мен қолжетімділігі оқырмандардың жағымды әсерін тудырады.

Кітапханада балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр түрлі клубтар мен үйірмелер жұмыс жасайды:

  • «Қауырсын қалам» клубы (12-15 жас)
  • «Жәдігер» клубы (12-15 жас)
  • «Қызықты ғылым» кітапханалық зертханасы (6-12 жас)
  • «Кел, қазақша сөйлейік» үйірмесі (6-12 жас)
  • «Шуақ» балалардың шығармашылық студиясы (3-6 жас)
  • «English through games» үйірмесі (6-12 жас)
  • «FreeStyle» арт-шеберханасы (6-12 жас)