Марат Жыланбаев және «Жетістік формуласы»

Марат Жыланбаев және «Жетістік формуласы»

15 қыркүйекте марафоншы, Гиннестің рекордтар кітабының жеті дүркін рекордшысы Марат Жыланбаевтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Студияға спортпен шұғылданатын қала мектептерінің оқушылары мен колледж студенттері қатысты (23 адам).
Марат Жыланбаевтың тағдыры таңғажайып. Ол –балалар үйінде тәрбиеленген, токарь мамандығын игеріп, суретшілікті жан-тәнімен таңдаған, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген азамат. Марат Төлегенұлы 90-жылдары Азия мен Африканың, Австралия мен Американың ірі шөлдерін жалғыз өзі жүгіріп өткенімен танымал. Бүгінде бес баланың әкесі жаттықтырушы ретінде қазақстандықтарға жүгіру техникасын үйретумен айналысып келеді.
Бағдарлама кейіпкерінің төзімділігі, батылдығы мен табандылығы балаларды таң қалдырды. Марат Төлегенұлы өзінің жетістіктері, табыстары, қызығушылықтары туралы әңгімелеп, балалық шағындағы ең жарқын оқиғаларды, күрделі марафондарды еске түсірді, балаларды армандауға және өздерінің мақсаттарына жетуге шақырды.
Марат Төлегенұлы бала кезінен суретті өте жақсы салған, оған суретші ретінде табысты мансабы болады деп болжаған, бірақ өмір бір күні оның қызығушылығын күрт өзгертті де, суретші жүгіруші болып шықты.
Шытырман оқиғалы әдебиеттерді оқу болашақ марафоншының қызығушылығын оятты, ол өз алдына «мүмкін емес мақсаттар» қойып, шөлдерді, тау шыңдарын бағындыруды және әлемдегі ең үздік марафоншы болуды үйренді.
Марат сонымен бірге өзінің кумирі Эфиопиядан шыққан әйгілі марафоншы, олимпиада қашықтығын жалаңаяқ жүгіріп өткен тарихтағы тұңғыш африкалық олимпиада чемпионы Абебе Бикила туралы әңгімелеп берді.
Бүгінде Марат Жыланбаев – жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафондар мен ультрамарафондарға арналған өзінің жеке жаттығу жүйесін әзірлеген тәжірибелі спортшы.
Қонақ бағдарлама соңында ең үздік сұрақты анықтап, №20 НОМ 9 -сынып оқушысы Сергей Поповичке Хэл Элродтың «Магия утра» кітабын сыйға тартты.
Басты кейіпкерге ұйымдастырушылардан Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» сыйлық кітабы мен жетістіктің белгісі – «Жетістік формуласы» естелік кәдесыйы берілді.

IMG_4899
IMG_4906
IMG_4913
IMG_4923
IMG_4926

Comments are closed.