Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы
(15.08.1951 ж.)

         Ақын, жазушы, филология ғылымдарының докторы 1951 жылғы 15 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы Шаған ауылында дүниеге келген.

1969 жылдан 1974 жылы аралығында С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті болды (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті).

        «Жетісу» газетінің корреспонденті; «Білім және еңбек» журналының әдебиет қызметкері, редакция меңгерушісі; «Жұлдыз» журналының әдебиет қызметкері, одан соң сын, проза, ғылым және библиография бөлімінің меңгерушісі; М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі; ҚР ҰҒА «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры қызметтерін атқарды.

         1998-2000 жылдары – Әдебиет және өнер институтының докторанты, аға ғылыми қызметкері; 2000-2001 жылдары – Әл-Фараби атындағы ҚазМУ оқытушысы, РК Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет істері академиясының аға оқытушысы, «Қазақ газеттері» газетінің редакторы-ғылыми кеңесші.

     2001 жылдан – Евразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры.

        Оның алғашқы өлеңдері республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Т.Жұртбайдың бірінші өлеңдер жинағы «Қоңыр қаз» 1978 жылы жарыққа шықты.

      «Жүрегімде – жұмыр жер» (1980), «Жер – бесік» роман-новелласы (1985), «Бейуақ» эссе – романдары (1990), «Кетбұға» (1994), «Талқы» (1997), «Дулыға» 2-томдық тарихи-танымдық кітабы (1994), «Мұхтар Омарханұлы Әуезов» (1997) , «Күйесің, жүрек… сүйесің!» (2001), «Бір уыс жусан» (2009), «Ұраным – Алаш!» (2010), «Жансар» (2011), «Мәңгілік аңсар» (2011) және т.б. поэмалар мен өлеңдер жинағы басылып шықты. Т.Жұртбайдың көптеген шығармалары әлемнің басқа тілдеріне аударылған.

     Тұрсын Жұртбай И.Есенберлин, Ш.Абенов, К.Мұхамедханов, Т.Абдірахманова, О.Сұлейменов, Ж.Жұмақанов, С.Мұратбеков, К.Жұмаділов, М.Мағауин сияқты жазушылар мен ақындардың шығармашылығы мен көркем шеберлігі туралы сыни эсселердің авторы болып табылады.

      Т.Жұртбайдың шығармашылығының негізгісі – абайтану және әуезовтану. Ғалымның «Бесігіңді түзе!», «Бесігіңді аяла!», «Бесігіңді ұмытпа!», «М.Әуезовтің шығармашылық өмірі мен көркемдік әлемі», «Мұхтар Омарханұлы Әуезов», «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі» атты ғылыми монографиялары осының дәлелі.

       Т.Жұртбай Құнанбай мен Абайға жақын ортаға қатысты 200 архивтік мәліметтер мен деректерді ғылыми қолданысқа енгізді. Нәтижесінде Т.Жұртбай олардың өмірбаяндық жылнамасын- шежірені жазды.

       Профессор Т.Жұртбай екі томды «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» оқулығының (ұжымдық авторлықта), «Сөз мәдениеті» (2001) және «Әдеби шығармашылық» (2002) үлгілік бағдарламалардың авторы болып табылады.

      Профессор Т.Жұртбай М.Икбал (өлеңдер), Уль-Хасан Бадр, Я.Коласа, С.Тогэ, Л. Шерали, В.Шефнер, Р.Рождественский және тағы басқа шет ел авторларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.

     «Алаш» Халықаралық сыйлығының, И.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты.

     Мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайтқаны үшін Пәкістан Президентінің Құрмет грамотасымен (1996), М.Әуезовтің 100-жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды өткізуге ықпал етіп, белсене қатысқаны үшін ЮНЕСКО-ның Құрмет грамотасымен (1997), «ҚР ғылымына қосқан ерекше үлесі» белгісімен марапатталған.

сканирование0001
сканирование0002