Туған жерге тағзым

Ауыл тарих, тұнып тұрған сыр аңыз,
Оны айтпасақ біздің үлкен кінәміз.
Туған жерді жайнатпақшы жас өрен,
Сол ауылдың тарихынан сұраңыз

Осы төрт жол шумақ әйгілеп тұрғандай, өткеннің бәрі тарих. Өткенді жақсы білсең, бүгінгі мен ертеңгіні жақсы болжай аласың.Ауыл тарихы қилы оқиғалардың бәрін басынан өткеріп, соның барлығын ішіне бүгіп сөзге сараң, терең ойлы қариядай үнсіз жатыр. Әрбір жеке тұлға өз өлкесінінің рухани құндылықтарын құрметтеуі тиіс. Ол үшін өз өлкесінің тарихын, жергілікті жердегі жер-су атауларының шығу тарихын жетік меңгеруі керек. Осы орайда зерттеу жұмысының тақырыбын «Өлке тарихы –тұнып тұрған шежіре» деп алуды жөн көрдік. Болашақ ұрпаққа өзіміз тұратын өлкенің тарихын айту аманат, өлкетану бейіндік пәні бойынша туған жерінің шежіресін айту, зерттеу ұрпақ алдында міндет болып табылады. Аталмыш тақырыптың көкейкестілігі міне осында. Мен тұратын елді мекен атауының тарихы жан-жақты зерттеліп, өлкетану бейіндік пәні бойынша оқытылса, тарихи орынға мәртебе беріліп, белгі тақта орнатылса.
Ата – бабамыз, әке- шешеміз басып өткен көне сүрлеу әлі көмескіленбепті, табан асты тарих деген осыдан шығады.Қазақ даласының түкпір- түкпірінде аузынан суы құрып тыңдайтын қым –қуат оқиғалы жерлер, шежірелі адамдар бар десеңіздер сол көргендерімізді зердеге түйіп, қағаз бетіне түсіріп, жас буындарымыз ата-әже, әке- шешелерінің жүріп өткен өмір жолдарынан тағлым алып жүрсе деген ізгі ниет барша үлкендердің зердесінде болғаны дұрыс. Біздің қадір-қасиетімізді өз қатарымыз түсінгенмен, кейінгі өскелең бүгін біле ме? Оны білдірмек бізден болар, сосын олар содан тәлім алар.

Сонымен енді ауыл тарихына үңіліп көрелік.
Жаңатоған, Жалғыз тал, Қасқабұлақ,
Тең келмейді туған жердің бұлағына басқа бұлақ.
Түлегі келіп жатса туған жерге,

Сағыныштан алады ау екі көзін жасқа бұлап – деп ауыл түлектері жырға қосқан. Қазақстанның орталық аймағы Сарыарқа өңірі, оның ішінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы «Жаңатоған» ауылы. Жаңатоған ауылы Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған селолық кеңесінің орталығы. Қарқаралы қаласының оңтүстік батысында 70 шқм. Қарағандының оңтүстік шығысында 280 шқм. жерде орналасқан. Ауылдың іргесі 1963 жылы қаланды. «Бейбітшілік» совхозы Нүркен Әбдіров атындағы совхоз бөлімшесі негізінде 1981 жылы ұйымдастырылған. Жерінің жалпы ауданы 185527га. Ауылда жалпы білім беретін №14 жалпы білім беретін мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, амбулоториялық бөлімше , байланыс бөлімшесі, мешіт және 100-ге тарта үй бар. Ауыл шекарасы Бесоба, Тегісшілдік, Еңбек, Қайнарбұлақ селолық округі, Шет, Ақтоғай ауылымен байланысады.
«Бейбітшілік» кеңшары бұрынғы 3 (үш) колхоздан (Жаңатоған, Ұзынбұлақ, Кеңестас) құрылған. Жаңатоған 1937 жылы Айыртас тауының алдындағы өзенінен егіншілікпен айналысамыз деп Құлымбет колхозының колхозшыларымен тоған қазуға кіріскен. Оған колхозға Павлодардан 1935 жылы өзі туған ауылына көшіп келген Шалданбаев Төребек деген сауатты азамат басшылық жасаған. Аудан басшыларымен келісіп аудандық жер бөлімінің гидротехник маманы Бабин деген азаматты көмекке алған. Шалданбаев Төребек жаны қалмай «Ұзынбұлақ», «Жаңатоған» ауылының тұрғындарын жұмысқа жұмылдырып, арық қазу жұмысын 2 -3 айда бітірген. Бірақ 200-300 гектар жерді суаруға Айыртас өзенінің су қоры жеткіліксіз болған.Ал гидротехник маманы Бабиннің «су қоры жетеді» -деген есебі жер қыртысы құм болып су егістікке жетпей құмға сің -деген есебі жер қыртысы құм болып су егістікке жетпей құмға сіңіп кету себебін білмегендіктен өтірік болды. 1937жылы тамыз айында арнаулы комиссия келіп, тоған жұмысы қанағаттандырылмайды деп, халық үшін еңбек еткен ағайынның ардақтысы Төребек ақсақалды «халық жауы» деп соттатып жіберді.Ал гидротехник маманы Бабин, ұлты орыс болғандықтан сотталмай аман қалды.Бірақ колхоздың аты «Жаңатоған» болып қалды. «Ұзынбұлақ» колхозы 1934-1935 жылдардан бері негізгі ауыл тұрғындары қоныстанған жер.Бірнеше бұлақ бір арнаға құйып, ұзын көлге айналып, көлік (арба) зорға өтетін мол су қоры бар өлке. «Тас өткел» арнаулы тастан көпір жасаған.Маңайында Айдарлы, Байқасқа өзендері, Сораң, Ақбиік, Керегетас және Атымтайдың Ақшоқысы т.б. тауы бар үлкен таулы жер. «Кеңестас» барлық колхоздар сияқты 1934-1935 жылдардан бері жеке колхоз болған мекен.Кеңес өкіметі орнамай тұрып жиын өткізіп, ел өміріне байланысты мәселелерді ақылдасып шешетін бірнеше болыстар бас қосатын қасиетті орын болған жер. Ақкісі, Шой, Ханқашты деген үлкен таулары, мал, егін шаруашылығын өркендетуге қолайлы бұлақтары, Ақбілек өзені қысы –жазы мал жаюға өте қолайлы жер. Бейбітшілік совхозы кезінде бұрынғы Ұзынбұлақ, Жаңатоған, Кеңестас колхозының аттарын №1, 2, 3 бөлімше болып, әр бөлімшеде 20-25 қыстақ болды.Әр бөлімшеде 15-20мың қой, мыңға тарта жылқы өсіріп отырды, 6 -7 мың гектар дәнді дақыл егіп, мол өнім алып, шаруашылық жолын пайдамен аяқтап, дәулетті шаруашылық болған Керегетас Бейбітшілік кеңшарының №2 бөлімшесі болды (бұрынғы Ұзынбұлақ колхозы). Керегетас аталуы: бұл жердің тастары киіз үйдің керегесіне ұқсас болған екен. Керегетас Қарқаралы ауданының солтүстік бөлігінде, Қарасор көлінің оңтүстік батысына таман 25 шқм жерде орналасқан.
Ежебай №3 бөлімшенің орталығы.Бұл жердің Ежебай аталу себебі – «Еже» деген бай жылқысымен аталып кеткен.Кестелітас жерінің аталу себебі, бұл жердің тастарының бетінде аң-құстардың суреттері бейнеленген.Көбіне бұл жерде арқар, тауешкі, еліктің, әртүрлі құстардың бейнелері салынған.
Жаңатоған ауылы тарихи мұрағаттарға бай өлке . Көне мәдени ескерткіштері халқымыздың өткендегі тұрмыс-салтынан мағлұмат береді.Бұл ескерткіштер әр кезден бері қойғанда 300 жылдан бері әлденеше жиhанкездердің жазбаларында сипатталып келеді.Олар туралы түрлі аңыз –әңгімелер де баршылық. Атап айтсақ «Кеңестас» қыстағындағы тасқа қашалып салынған Сақ тайпасының сурет өнері, Жалғазжал төбесінің бауырындағы Балта күмбезі , Өгізтау мен Кеңестас қыстақтарының аралығындағы Дүйсеке күмбезі. Өкініштісі сол, бұлардың ешқайсысы да зерттелген емес.Сол сияқты Кестелітас қыстағындағы таста қашалған суреттерге еріксіз назар аударасыз.Ондағы тастар барынша толық өңдеуден өткен.Тастағы қашалып салынған суреттер және тағы да басқаларға, кезінде өте шебер қолдан өткенін байқау қиын емес.Онда негізінен тауешкі, жылқы, адамдар бейнесі, арқар, кей жерлерден тіпті түсініксіз суреттер көптен кездеседі.Бесаспап қолдан өткен осынау ғажайыптан біздің туған жерге деген патриоттық сезім мен табиғатқа деген ыстық махаббатымыз арта түскендей.
Дүйсеке күмбезі. ҮІ –Х ғасырлардағы ата –бабалардан атақты батыр, ел билеушісі көсем қайтыс болғанда, жер астынан кесене салып, өліктің жанына атын, сауытын, аңшылық құралын, итін қоса жерлеген.Қазан – ошағын жанына қоса көміп, үйін таспеп бастырып, биік оба жасаған немесе күмбез қалаған.
Бұл адамдар о дүниеге барғанда да тіршіліктегі кәсібін құрады деген нанаымда болған.Ендеше осыған ұқсас Дүйсеке күмбезіне тоқталып өтеміз.
Дүйсеке күмбезі ауылдан солтүстік батыста 8 шақырым Өгізтау тауы мен Кеңестас жерінің ортасында, қыстақтың батыс жағында 2 шақырым жерде орналасқан. Жергелікті халық мазарды Шекшек Дүйсеке деп атаған.
Күмбез ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының қол тумасының бірі болып саналады. Ескерткіштің көпшілік бөлігі құлаған, ал қазір тіпті жермен- жексен десе де болады.Негізгі құрылыс материалы қыш- кірпіш, мазардың құлаған жерлері таза құмға айналған.Қабырғаларының қалыңдығы 60 см,ескерткіштің ұзындығы 6 метр, ал алдыңғы жағында кішірек төртбұрышты бөлік және оның бұрышы дөңгелектеніп көтерілген.Көлденең қабырғасының ұзындығы 13 метр. Ескерткіштің өзі тегіс жерде орналасқан. Дүйсеке күмбезінің Қарқаралы тарихындағы орны ерекше.
Балта күмбезі. Балта күмбезі қазақ халқында кең тараған сәулет ескерткіштерінің бірі,киіз үй тәрізді дөңгеленіп салынған.ХІХ ғасырдың 50 жылдары салынған.Біздің өлкеміздің батысында 7 -8 шақырымда «Жалғызжал» тауының оңтүстік етегінде Балта мазары орналасқан.Күмбез негізгі қазіргі кезеңде сол бұрыңғы қалпін сақтаған.Қабырғалары қос базаржәне бір қатар болып қаланған, ішкі диаметрі 5 -6 метр,қабырғасының қалыңдығы 1 метр.Кіре беріс есінінің биіктігі 1,6 метр, қабырғасының сырт жағы ақтаңдақ.Сондықтан кейде Ақбейіт деп те атайды.
Қаракесек Жарылғаптан шыққан Балта ақын Тілеуке Шаншарұлынан – Жарылғап, Ерке, Шәкебай, Бейне Жарылғаптың Мақпал есімді бәйбішесі –Жоламан, Тастемір,Атыбай, Кенжебай, тоқалынан –Бөкенбай, Жоламанның шенгендегі алған Базар деген әйелінен Тасыбай,Тоғызбай,Кетебай,Боқаш, Тасыбай Жоламанұлынан –Құлшы ақын, Қобылан, Ақтамберлі (бұлар Базаркен бәйбішесінен). Ал Ақтолқын есімді тоқалынан – Сақ, Шағалақ, Доғалақ, Балта ақын. Балта ақын Тасыбайұлынан –Әзім.
Ауыл тарихы – ұрпаққа мұра, келешекке аманат. Қазіргі Жаңатоған селолық округіндегі 3 колхоз 1950 жылы біріктіріліп іріленген бір колхоз болды, бұл кез 1941 -1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысының аяқталып, елдің бейбіт өмір сүре бастаған алғашқы жылдары болатын.Колхозшылар жиналысында «Енді соғыс болмасын» деген тілекпен жаңа құрылған колхоз атын «Бейбітшілік» деп атады.Орталығы болып қазіргі осы ауыл қоныстанған жер белгіленді. Бес жыл өткеннен кейін 1955 жылы «Бейбітшілік» колхозы «Нүркен» атындағы колхозға қосылып, «Нүркен» атындағы колхоз аталды.Бейбітшілік Нүркен ауылының 3 және 4 бөлімшесі аталды.Ол жер 1981 жылы қазан айының 14 күні Нүркен кеңшарынан бөлініп, Бейбітшілік өз атына жеке кеңшар болып құрылды.Республика бойынша барлық кеңшардың тарауына байланысты 1994 жылы «Бейбітшілік» кеңшары тарап кетті. «Бейбітшілік» кеңшарының бірінші бөлімшесі ертедегі Жаңатоған колхозының аумағында орналасқан. Оған:Ботабай, Сыбай, Смағұл, Қызылағаш, Қонысбай,Тұңғат,Өгізтау,Дағар, Жәнібек,Малай- Жалай, Қарашоқы, Қызылшоқы қыстақтары кіретін.
Кеңшардың екінші бөлімшесі ертедегі Ұзынбұлақ колхозының аумағына орналасқан.Олар Керегетас, Тоқжан, Айнабай, Қособа, Қазанбай, Ақбейіт,Қаржаубай, Атымтай, Төстік қыстақтары болатын.
Кеңшардың үшінші бөлімшесі ертедегі Кеңестас колхозының аумағына орналасқан.Олар: Кеңестас, Шой, Сарышоқы, Бұқаш, Қойшыбай,Ежебай және Бесқолқа қыстақтары.
1981 жылы Нүркен солхозының бөлімшесі негізінде «Бейбітшілік» совхозы болып құрылды.Шаруашылығының негізгі бағыты қой және жылқы шаруашылығы болып белгіленді.
Бейбітшілік 1992 жылға дейін совхоз ретінде, еліміздегі өзгерістерге байланысты 1992 жылы «Бейбітшілік» акционерлік қоғамы, 1997 жылдан кейін 18 шаруа қожалықтарына бөлінді. Қазіргі уақытта «Бейбітшілік» совхозының заңды мұрагері «Жаңатоған» шаруа қожалығы болып саналады.Қазақстан өз алдына егемендік алып, Республика болуына байланысты 1992 жылдан бұрынғы ауылдық кеңес селолық округі әкімдігі деген атаққа ие болды.
Мектеп – кеме, білім- теңіз. Осы елді мекендердегі мектеп тарихына назар аударсақ 1940 жылдарға дейінгі мерзімде үш бастауыш мектеп, «Жаңатоған», «Ұзынбұлақ», «Кеңестас» колхоздарының орталығында 4 сыныптық екі бастауыш мектеп болған. Ұзынбұлақтағы бастауыш мектеп сол кездегі колхоз орталығы «Ақбиік» қыстағындағы төбесі мен едені тақтайланған шатырсыз Жұмабек деген ауқатты адамның меншік үйіне орналасқан. Соңғы жылдары мектеп «Қазанбай» қыстағына ауысты. «Ұзынбұлақ» бастауыш мектебінің алғашқы мұғалімдері Райымбеков Құрманбай, Баймағанбетов Ахмедия болды. Екеуіде 1941 жылдары соғысқа кетіп, содан оралмады. Сонымен бірге Есжанов Шайық,Сенкетаев Тыйыштық, Оспанов Сағынбай, Ибраев Аманбек, Шаймерденов Кәмеш соғыстан кейінгі жылдары қызмет істеді. «Кеңестас» бастауыш мектебі 1935 жылдардан бастап жұмыс істей бастады. Ол Кеңестас колхозының орталығы «Ақкісі» қыстағындағы Еркебай деген кісінің меншік үйінде орналасқан. Бастауыш мектептің алғашқы мұғалімі болып Молдаханов Қанапия, Оспанов Әбітай, Өмірбаев Мәулен мұғалім болды. Жаңатоғанның бастауыш мектебінде Баймұрынов Советбек,Ысқақов Құтти, Түсіпов Игібай,Ибраев Аманбай қызмет жасады.Бұл мектеп екі жылдық болды.1954 жылы Бейсенбеков Құрал,Наурызбаев Тұрсын,Сәтпаев Серік, Хасенова Рымкеш ұстаздық қызмет етуге келді. 1957 жылы «Жаңатоған» жетіжылдық мектебі жабылып,тек бастауыш мектеп қана қалды.Онда Шәймерденов Кәмеш,Түсіпов Ахметбек,Әбікеев Ормаш қызмет істеді.1963 жылы балалар жатақханасы салынды.Халықтың көбейуіне байланысты бастауыш мектеп 1974 жылы тамыз айында сегізжылдық мектепке айналды.Оған алғаш рет директор болып Кәкенов Жамбыл 1979 жылы, 1988 жылы Әубәкіров Әли тағайындалды.1981 жылы бөлімшенің совхоз болып ұйымдасуына сәйкес сегізжылдық мектеп 1977 жылы №14 орталау мектеп,1989 жылы орта мектеп болып өзгерді. 1992-1993 жылы мектебімізге Жақып Ақбайұлының есімі берілуге ұсыныс жасалды. Ал қазіргі таңда №14 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесі атауымен аталады. Мектепте 1988-1998 жылдары Алдажұманов Ғайнолла директорлық қызмет етіп оның болашағының қалыптасуына зор ықпалын тигізді. 1998-2002 ж.ж. Баймағанбетова Зәрукүл, 2002ж-2018жылға дейін Тылегенова Думангүл басшылық жасады биылғы 2019жылы еңбек демалысына шығуына байланысты қазіргі яғни 2019 жылдан бастап Ақыжанов Бейсенхан Оңдасынұлы мектеп директоры болып қызмет жасады. Бүгінгі күні Дюсенова Баян Толеуханқызы мектеп директоры. Мәдениет үйі 1981жылдан бастап халыққа қызмет етіп келеді. Ауылдық мәдениет үйінде көркем өнерпаздар ұйымы хор ұжымы өнер жолында еңбек етіп аудандық аймақтық фестивальдарға қатысып ауылдың абройын асқақтатқан. Әнші-күйші әпке ағаларымыз өнердің шашбауын көтеріп, кейінгі ұрпаққа мол үлгі өнеге тарту етіп кетті. Сол үрдісті қазіргі ұрпақ жалғастырып ауылда, ауданда,аймақта болып жатқан сан түрлі өнер додасына қатысып мәдени мұраны жалғастырып келеді. Бүгінгі күні ауылдық мәденит үйінде 2006жылдан бастап осы ауылдың тұрғыны Бейсенбеков Азат Құралұлы ұйымдастырушы қызметін атқарады.Ауылдық мәдениет үйі ауыл жастарымен және мектеп,кітапхана ұжымдарымен бірлесіп мерекелік шараларды бірге өткізіп келеді.2016-2017жылдары күрделі жөндеуден өткен ауылдық мәдениет үйі қазіргі таңда заманауи құрылғылармен жабдықталып халыққа қызмет етуде.
Қорытынды. Туған жер әр адамның түп қазығы. Рухының бесігі. Ауыл-тамыры тереңге жайылған қазақы дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ордасы. Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашақпен байланыстырады. Міне, сондықтан да тіпті балалық шақтан бастап-ақ адамда Отанға деген махаббат сезімі оянады. Ауыл тарихынан сыр жаңа мағұлматтар мен құнды деректер іздестіріп, өлкесі жайлы ақпараттарды толықтырдық деп ойлаймын.
Жаңатоған ауылы, № 14 жалпы білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Құрал Ағла.