Тамара Асардың «Жетістік формуласы»

Тамара Асардың «Жетістік формуласы»

26 желтоқсан күні «SARYARQA» телеарнасында «Жетістік формуласы»  бенефис-шоу бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті.

Ашық сұхбат алаңында қазақ елінің қайсар да талантты әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар және Қарағанды қаласы мамандандырылған музыка мектеп-интернатының, №86 және №17 ЖОББМ, №102 мектеп-гимназиясының, С.Сейфуллин атындағы №92 гимназияның оқушылары кездесті. Бағдарлама 30 желтоқсанда эфирге шықты.

Тамара Асар оқушылар тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзінің қызықты да күрделі өнер жолы жайында кеңінен ой бөлісті. Өнер әлеміне келуі жайында әнші: «Мен Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжіне ата-анамның рұқсатынсыз түстім. Себебі ата-анам қыз балаға өнер жолы ауыр деп ойласа керек, менің өнер адамы емес, музыка пәнінің мұғалімі болғанымды қалады. Алайда, мен өз арманымнан, бойымдағы талантымнан бас тарта алмадым»,- дейді.

Тамара ханым 3 жасында «Қошақаным қайда екен?!» әнімен балалар байқауына қатысқанын, репертуарындағы халыққа кеңінен танымал «Ренжімеші» әнін 18 жасында досы сыйға тартқанын атап өтті.

«Өмірімде ерекше есімде қалған ән кешім 2006 жылы Алматы қаласында өткен «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» атты концертім. 3000 адамға аншлагпен өткен бұл кешті небәрі 3 адам ұйымдастырған едік»,- деп еске алады әнші.

Бүгінгі таңда Тамара Асар тек қазақ эстрадасының жұлдызы ғана емес өз кезегінде білікті психолог. 21 жасында психология саласына ден қойып, өз білімін жалғастырған. Одан бөлек би билеу, домбырада ойнау, сурет салу, киім тігу сынды түрлі хоббилерімен айналысады. Түрлі өнерді серік еткен Тамара оқушыларға жан-жақты болуды, тұрақты дамуға, тұлға ретінде жетілуге талпыну керектігін сөз етті.

«Балалық шағыңызда кітап оқуға қызығушылығыңыз болды ма» деген оқушылар сауалына әнші өзінің балалық шақта кітапқа ерекше құмар болғанын атап өтті. Интернет пен телефон жоқ заманда достарымен бірге кітапты таласа оқып, бір-біріне қызыға баяндап беретінін есіне алды. Сондай-ақ өзінің балалық шақта ерекше әсермен оқыған кітаптары Б.Соқпақбаевтың «Аяжан», «Менің атым Қожа» шығармаларын және Б.Майлиннің «Түйебай» туындысын оқушыларға да  оқуға кеңес берді.

Тамара қазақ эстрадасында Мейрамбек Беспаев, Димаш Құдайберген сынды ерекше дауыс иелерін сүйіп тыңдайтынын және үнемі ізденісте жүретін Ғаділбек Жанай, Кәмшат Жолдыбева сынды өз шәкірттерімен мақтанатынын тілге тиек етіп, өнер жолын таңдағысы келетін оқушыларға өз кеңесін берді. «Әнші боламын десең ең алдымен жасыңа сай ән таңдай білу және таңдаған әніңді толық түсініп, қабылдап, өзіңе сай шеберлікпен орындай білу керек» деп  ән өнерін серік еткен балаларға жол сілтеді.

Сұхбат барысында әнші оқушылардың сұрауымен қонақ кәде ретінде №102 мектеп-гимназиясының оқушысы Есенкелді Шахназбен қосылып «Ренжімеші» әнін шырқады.

«Жетістік формуласы – әркім өзі жүрек қалауымен іздеп табатын жетістік. Ол үшін тек табандылық пен тағаттылық таныту керек. Армандарыңызға асығыңыздар. Өз бойларыңыздағы таланттарыңызды шыңдап, сүйікті істеріңізге айналдырыңыздар»,- деп сөзін түйіндеді әнші.

Бағдарлама соңында әнші Тамара Асар кездесу барысында ерекше сұрақ қойған Қарағанды қаласы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы Кариполла Айгерімге және 11-сынып оқушысы Есетов Абылайға өзінің арнайы сыйын табыс етті.

Бағдарлама ұйымдастырушылары әнші Тамара Асарға табыстылық пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйы мен А. Құнанбаевтың «Қара сөздері» мен «Қазақстанның қызғалдақтары» кітаптарын сыйға тартты.

0h28QP989vw
D-Jxz1Ffa1k
EmxBGzQAzJs
Comments are closed.