ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВ – 95 ЖЫЛ

Ғафу Қайырбеков (1928 – 1994) – 15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында туған.
Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген (1952). Қазақ мемлекеттік баспасында поэзия редакциясын басқарды, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі болды.
1968-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында жетекшілік етті.
1973-1989 жылдары «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағының ақындар қауымдастығының президенті болды.
1954 жылы оның «Құрдастар» атты тырнақалды жинағы жарық көрді. Содан бері қырықтан астам кітабы шықты.
«Дала қоңырауы» (1956) поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Қанатты жылдар» (1973) сияқты жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын, «Ана туралы жыр» (1987) өленің оқырман қауым ілтипатпен қабылдады. «Жұлдызды тағдырлар» атты өлеңдер жинағы үшін ақынға 1980 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Рудакидің, Дж.Байронның, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, Н.А.Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Л.Толстойдың,Куприннің, Короленконың, Буниннің, Есениннің, Ғамзатовтың және басқа да сөз зергерлерінің туындыларын аударды.
Қазақстанның Халық жазушысы (1992). Халықтар Достығы орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбектегі табыстары үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Жеңіске 50 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған. Қостанай облысының, Қостанай қаласының, Торғай облысының, Арқалық қаласының Құрметті азаматы.
Ғ. Қайырбековтың әр жылдары жарық көрген 50-ден астам кітаптары Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қорында сақталған.