ЕРМЕК ӨТЕТІЛЕУҰЛЫ – 85 ЖЫЛ Өтетілеуұлы Ермек (1938 – 2006) – қазақстандық балалар жазушысы, ақын. Е. Өтетілеуұлы 1938 жылы 1 қаңтарда Ақмола қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің орыс тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Е. Өтетілеуұлы «Шамшырақ нұры», «Балдырған», «Жазушы», «Жалын» баспаларында редактор болып қызмет атқарған. Автордың балаларға арналған тандамалы шығармалары: «Әдептілік – әдемілік», «Ғажайып буындар», «Балақай», «Ең күшті адам», «Бос шелек», «Саңамақтар», «Әйбат әліппе», «Баластан», «Жеті жас», «Алтай», Жыл он екі ай = Круглый год = The whole year round», «Төрт түсті жер үсті; Төлдер әні». Ақынның алғашқы өлеңдері XX ғасырдың алпысыншы жылдарында жарық көре бастады. Жекелеген әңгіме, өлеңдері орыс, болгар, украин, грузин, армян, азербайжан, татар тілдеріне аударылған. Е. Өтетілеуұлының біраз өлеңдері балаларға арналған басылымдарға, қазақ мектебінің оқулықтарына енген. Қазақ тілінде оның аудармасында Л.Толстойдың, Д.Ушинскийдің балаларға арналған әңгімелері, С.Михалков, О.Дриз, Я.Аким, Б.Заходер, П.Реброның өлеңдері жарық көрді. Балалар ақыны Е. Өтетілеуұлының әр жылдары жарық көрген 130-дан астам кітаптары Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қорында сақталған.