МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ – 100 ЖЫЛ

Мұзафар Әлімбаев – (1923-2017) Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында туған. ҚазҰУ-ді бітірген. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында шығармалары республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды.
Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққан. Жүз сексен әнге өлең жазған. 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы. Шығармалары 20 тілге аударылған. Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», С.Орбелианидің «Ғибратнамасын» және А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.В.Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлел, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.
1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның халық жазушысы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі.
Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.
«Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Лирика», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Таңдамалылар», «Шынықсаң, шымыр боласың», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Көңіл күні», «Балдәурен шір¬кін, балалық», «Тәрбие туралы әңгімелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақмаңдайлым», «Аянның алақаны», «Сүймеген жүрек семеді», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Екі тақтай бір көпір», «Нақылдар кітабы», «Аулақ бол жаман әдеттен», «Хат», «Нақылнама», «Көп томдық шығармалар жинағы», «Балдәурен», т.б. кітаптары жарық көрген.
Балалар ақыны М. Әлімбаевтың әр жылдары жарық көрген 80-нен астам кітаптары Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының қорында сақталған.