Мельникова Людмила Евгеньевна (10.09.1955 ж.) Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Авторлық әндердің халықаралық байқауларының лауреаты, музыка педагогы, ҚР Білім үздігі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстандық танымал балалар композиторы, продюсер және ақын. Мельникова Людмила Евгеньевна 1955 жылы 10 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниге келген. Тәттімбет атындағы Қарағанды музыка училищесін, Челябинск мемлекеттік мәдениет институтын, Н.К.Крупская атындағы Ленинград мәдениет институтының ассистентурасын (хор дирижеры) бітірген. 400-ден аса музыкалық шығармалардың, хорлардың, балладалардың, аспапты пьесалардың, музыкалық ертегілердің, сонымен қатар Қазақстан мен Ресейде басып шығарылған 10 жинақ пен 15 аудиоальбомға жинақталған 300 әннің авторы, оның ішіндегі сегіз жинақ балалар әндеріне арналған. Людмила Мельникова «Балауса» қоғамдық бірлестігі біріктірген жергілікті композиторлардың CD-таспалардағы және караоке, бейнеклиптердегі әндерін шығарады. Ол көптеген әндерді қазақ, ағылшын, неміс тілдеріне аударылған өзінің өлеңдеріне жазған. 2005 жылы әншiлiк өнер әуесқойларына, музыка мұғалiмдерiне және көркемөнер жетекшілеріне арналған «Фестиваль. Балалар мен жасөспірімдерге арналған әндер» атты авторлық әндерінің ноталық жинағы жарыққа шықты. Оның шығармаларымен жарыққа шыққан кітаптар: «Әндер. Хорлар» (ноталық басылым, 1996 ж.), «Балалық шақ» (әндер, 2000 ж.), «Саған, сүйікті қалам» (Қарағанды туралы өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 ж.), «Балауса әуендері» (балаларға арналған әндер, 2006 ж.), «Экспромт» (пьесалар, фортепианоға арналған ансамбль 2007 ж.). Балалар мен жасөспірімдерге арналған әндері, мюзиклдары кеңінен тараған. Оның әндері жақын және алыс шетелдердің қалалары мен өңірлеріндегі фестивальдерде, байқауларда, концерттерде, музыка сабақтарында, теледидар бағдарламаларында және сыныптан тыс іс-шараларда орныдалады. Көптеген әндері «Айналайын» (Алматы, 2002 жыл), «Елiм менiң» (Астана, 2004 жыл) республикалық байқауларында дипломдар мен жүлделерге ие болды. Балалар композиторы жас дарындарға, жаңа бастаған композиторлар мен орындаушыларға көмек көрсетеді. Л.Мельникова өз шығармашылық қызметінде Ресей композиторлары В.Шаинский, Я.Дубровин, В.Чистяковтермен, Қазақстан композиторлары С.Еркімбеков, Е.Үсенов, С.Абдынұровтармен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Ол «Жас композитор», Балбөбек», «Рауан», «Жас талап» облыстық конкурстарын, авторлық патриоттық әндер фестивалін, «MUZANOT» композитордың атаулы байқауын ұйымдастырды. Қарағандылық композитор Людмила Мельникова Африкада, Марокко корольдігіндегі халықаралық экономикалық форумда «Джонатанның бастан кешіргендері» балалар мюзиклының таныстырылымын өткізді. Автор өзінің қазақстан-американдық шығармашылық жобасын бұдан бұрын Қазақстанда, Қытайда, Индонезияда таныстырған. «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталған, медальдері, құрмет грамоталары бар.