Пушкин А.С. Таңдамалы шығармалары / А. С. Пушкин ; ауд.: А. Құнанбаев [т.б.] – Алматы : Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1949. – 784 б. А.С. Пушкиннің туғанына 150 жыл толуына орай 1949 жылы Қазақтың біріккен мемлекет баспасынан ақынның таңдамалы шығармаларының қазақ тіліндегі аудармалары жарыққа шығады. Аударманың редакциясын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, М.Жанғалиндер басқарған. А.С.Пушкин өлеңдері, поэмалары, драмалары мен прозаларының қазақ тіліне аудармасы алғаш рет жеке кітапқа топтастырылған. Орыс халқының ұлы ақыны Александр Сергеевичтің шығармалары қазақ әдебиетінің белді ақын-жазушылары, аудармашылары Т.Жароков, Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Шаңғытбаев және т.б. аудармаларында ұсынылған. А.С.Пушкинді қазақ тіліне алғаш аударған Абай Құнанбайұлы екені мәлім. Сол себепті таңдамалы шығармалардың жиынтығында Абай аудармалары ерекше орын алады және ол кітаптың 80-94 беттерінде Абай аудармалары деп арнайы бөліп көрсетілген. Кітаптың алғы сөзін белгілі жазушы, аудармашы Мұхтар Жанғалин жазған. Кітаптың соңында жазушы Тәкен Әлімқулов А.С.Пушкин шығармаларына қысқаша түсініктеме береді. Басылымда А.С.Пушкиннің әкесі Сергей Львовичтің (сур. К.Гампельн), анасы Надежда Осиповнаның (сур. Ксавье де Местр), әйелі Наталья Николавнаның (сур. В.И. Гау) және ақынның өмірі мен сол уақытты бейнелейтін суреттер қоса берілген. Әуезов, Мұхтар. Абай : тарихи роман. 2-кітап / М. Әуезов. – 3 бас. – Алматы : Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1953. – 443 б. М.Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу тарихы деректеріне сәйкес, 1936 жылы жазушы Абай туралы екі томдық роман жазғысы келетінін туралы жария етеді. Алғашқы екі кітап «Абай», үшінші кітап – «Абай аға», соңынан төрт кітап бірдей атаумен «Абай жолы» деп 1952 жылдан бастап аталды. 1-ші кітабы 1942 жылы жарыққа шықты. Романның 2-ші кітабы 1947 жылы шығарылды. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына 1949 жылы Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығы берілді. КСРО Министрлер Советінің қаулысы бойынша Мұхтар Омарханұлы Әуезовке «Абай» романы үшін 1948 жылы бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық берілді. 1959 жылы «Абай жолы» романына Лениндік сыйлық берілді. Кітапханамызда М.Әуезовтің көзі тірісінде түзетіліп, үшінші рет басылып шыққан «Абай» романының 2-ші кітабы ғана бар.