Қазан 3, 2024 «Кітапхана – балаларға арналған интерактивті алаң» облыстық семинар By odb-abai inЖаңалықтар Бүгін кітапханамызда оқырмандар үшін интерактивті алаң құруда балалар кітапханалары жұмысының жаңа әдістері мен нысандарын іздеу, кітапханашылар арасында кәсіби тәжірибе алмасу, Қарағандының балалар авторларының шығармашылығын дәріптеу мақсатында «Кітапхана – балаларға арналған интерактивті алаң» облыстық семинары өтті. Семинар жұмысының бірінші бөлімінде Нұра ауданының БҚО әдіскері М.Бекбосынова инновациялық технологиялардың көмегімен балаларды оқуға тарту, «Wordwall», «Kahoot» платформаларында жұмыс істеу тәжірибесімен бөліссе, М.Әуезов атындағы қалалық кітапхананың балалар бөлімінің кітапханашысы Е. Величко үстел ойындары арқылы жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру туралы айтса, Теміртау қ. ОКЖ №6 балалар филиалының қызметкері О. Звонова-Гавриленко кітапхананың түрлі ұйымдармен серіктестік байланысын кеңейту туралы ақпарат ұсынды. Кітапханамыздың инновациялық-әдістемелік бөлімінің басшысы О. Мусина әріптестерімен Абай атындағы ОБК-ның «Мәдениеттер тоғысында» жаңа жобасын іске асыру туралы бөлісті. Сондай-ақ, бүгінгі семинарға арнайы шақырылған журналист, суретші-дизайнер, promt-инженер Л.Карчевскаяның «Жасанды интеллект пен адамның өзара байланысы» тақырыбындағы баяндамасы семинар қатысушыларының үлкен қызығушылығын тудырды. Семинар жұмысының екінші бөлімінде жерлесіміз, белгілі ақын, әдебиетші, ғалым Бүркіт Ысқақұлының 100 жылдық мерейтойына орай «Балалар кітапханасы: оқырман мен жазушы арасындағы берік көпір» дөңгелек үстелі өтті. Шараға Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген Б. Ысқақұлының қызы, қазақ радиосының ардагері Айгүл Бүркітқызы Ысқақова, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің докторанты, Б. Ысқақов танушы Әділет Бауыржанұлы Жағыпар, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Қоғабайқызы Үмбетова қатысты.