Бабатайұлы Дулат (1802-1874)

Халқымыздың маңдайына біткен санаулы ұлы ақындарының бірі — Дулат Бабатайұлы, бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Қызылжолда деген атамекенінде 1802 жылы туған. Жаздық мекені Ақжайлау, Сандықтас. 1871 жылы атамекенінде қайтыс болған.

Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын боған. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулаттың өзіндік үлкен орны бар. Өйткені, ол өзінің толғау-жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманынының шындығын бірқыдыру бере білді.

Жеке кісілерге арнаған «Кеңесбайға», «Бараққа», «Ел аралаған ишанға» т. б. өлеңдерінде ақын сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтере білді. Дулаттың өлеңдері ауызша тараумен қатар, 1880 жылы Қазан қаласында «Өсиет нама» деген атпен кітап болып шыкты. Бұнда ақынның замана туралы толғаулары енгізілген. қынның шығармаларын ел аузынан жазып алып, бізге жеткізген халық ақыны - Шәкір Әбенов. Ол - Патшалық Ресейдің казақ өлкесін күшпен отарлау кезеңін, одан туған зобалаңдарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген ел басы адамдарының бірі. Отарлау саясатының қазақ елін талан-таражға салу, халықтың дербестігін біржола жойып, тәуелділікке айналдыру әрекетіне қарсы шыққан, халықты күреске шақырған күрескер ақын.

Ақын өз заманындағы осы патшаның отарлау саясатынан зардап шеккен халқының қайғысын тереңнен сезініп, мұңын жырымен жазып, ел қамын ойлап, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды толғаулар айтады:

Сырымды менің сұрасаң,
Тұманның суық суындай
Кеудеме қайғы толған соң
Тұнық жырмен жуынам.
Сорғалаған нөсердей,
Жырын тыңда Дулаттың, — деп толғанады.

Дулат шығармашылығында елеулі орын алатын батырлар жыры үлгісіндегі, Отанды қорғауға арналған патриоттық мәні бар «Еспенбет» атты толғау. Бұл шығармашылығында жетім бала, жас батырдың қалмақтармен соғыста көрсеткен ерлігін сөз қылады. Дастанның бір ерекшелігі, тек батырдың жеке түлғасы ғана емес, сонымен бірге халық бейнесі қоса суреттеліп отырады. Ақын жорыққа атанған қалың топты табиғаттың жойқын күшіне балап, ерекше шабытпен, әсерлі жырлайды:

Жөңкерілген қалың қол,
Жүйткіген желге ұқсайды.
Көрінісі кей кезде,
Толқыған гүлге ұқсайды.
Мұнар түнеп бұлт көшкен,
Асқар белге ұқсайды,
Кенетінен ду етсе,
Тас қопарып, тау бұзған,
Аққан селге ұқсайды.

Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын. Оның мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Атап айтқанда, «Бір патшаның бір кезде», «Шымшық пен бөдене», «Сары шымшық», «Қара қарға жем тілеп» деген өлеңдерінде орынсыз мақтаншақтықты, тойымсыздықты әшкерелеп, кішіпейілділікті, адамгершілікті, бірлікті уағыздайды. Адам бойындағы асыл қасиеттерді ардақтаған ақынның мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні бүгінге дейін жойылған жоқ.

Ақын шығармаларында орын алатын маңызды мәселенің бірі— оқу, өнер-білім.
Өнер, білім оқып біл,
Өнер алды қызыл тіл,
Оқып алса, керек сөз

Алтынға құйған балмен тең, - деп, өнер, білімнің оқу арқылы табылатынын, көп ізденуді, еңбектену керек екенін ескертеді. Жырау өлеңдерінің тілі шешен, өткір тартымды. Дулат ақын өзінің «Бесінші сөз» немесе «Ата қоныс арқада» деп аталатын өлеңінде Арқаны жайлаған қазақтардың бір кездегі тарихын баянды етеді. Ол қазақ халқының Жоңғарларға қарсы ерлік күрес жүргізу арқылы елдігін сақтап келгенін, туған жерін қалмақтардан қорғай білгенін айтып, сол кездегі ерлікті, дербестікті мақтайды.

Абайдың ел пысықтарын, би-болыстардың мінез-құлықтарын бейнелеулері Дулат ақынмен үндесіп жатыр. Бұл тұста ақынның Дулатқа үңіле қарай отырып, оның кейбір жақтарын толықтыра түседі. Дулат шығармалары қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуына үлес қосты.

Дулат ақын шығармаларының көбі XIX ғасырдың 30–40-шы жылдарындағы тарихи жағдайларға байланысты қазақ өдебиеті арнасына шықты. Оның өзіндік орны бар. Дулат толғаудың асқан шебері болғандықтан өлеңдерінің барлығы дерлік еркін үйқасты. Ақын өлеңдері ауызша тараса да, қызыл империя тұсында әркімнің қолында сарғайған қағазда сақталып қалды.

Ақынның алғашқы өлең жинағы «Өсиет-нама» деген атпен 1880 жылы Қазанда басылды. Тек халқымыз тәуелсіздігін қолына алғаннан кейін ғана, 1991 жылы ақынның бір топ шығармаларын құрастырып, «Замана сазы» деген атпен «Жазушы» баспасы жинақ етіп шығарды.

Шығармашылығын зер салып, зерттеген ғалымдар көп. М. Әуезов, Ә. Тәжібаев, Қ. Жұмалиев, Ы. Дүйсенбаев, Қ. Мұхамедханов, М. Мағауин т. б. Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сыздықова:

«Дулат — Абайдың алдында өткен қазақ сөз зергерлерінің ішіндегі ең мықтысы. Ол мәдени-рухани дүниемізден өз орнын, үлкен орнын алуға тиіс ақын», — деп бағалаған.
(www.tarih.spring.kz)

Дулат Бабатайулы. Стихотворения на казахском языке  (Аудиокнига)

Дулат Бабатайулы.Еспенбет. Поэма на казахском языке (Аудиокнига)

Дулат Жырау. Өлеңдері ( www.adebikz.com/media/books)

Дулат Жырау. Еспенбет. Поэма ( www.adebikz.com/media/books)