Сәрсеке, Медеу. Абай тойы [Мәтін] = Юбилей Абая = Abays jubilee / М. Сәрсеке. - Алматы: Атамұра, 1996. - 288 б.

Әлемнің Париж, Лондон, Мәскеу, Пекин сынды айтулы шаһарларынан басталып, Алматы, Семей және Шыңғыс тау баурайында дүрілдеп өткен ұлы Абай тойы, данышпан ойшылдың туғанына 150 жыл толу мерекесі де тарихқа айналды. Семейдегі мұражай, Жидебайдағы кесене, тағы басқа құрылыстар ақын рухына табынып, мәңгі бас иер ұрпақтың игілігі болып қалды. Медеу Сәрсекенің осынау альбом-кітабы сол кезде басталған той әзірлігінен бастап, тойтарқар күнге дейінгі ұлан-асыр еңбектің, оқиғалардың шежіресі іспетті.
Кітапта берілген фото ісінің шеберлері түсірген түрлі-түсті суреттер тарих көші ілгері жылжыған сайын еліміздің тәуелсіздіктің көк байрағын көтергеннен кейінгі алғашқы дүбірлі тойы іспетті мерекелік күндер көрінісінің сол қалпында қаларына себепші болмақ.

Сәбден, Оразалы. Абай және қазақ елінің болашағы. (Қара сөздерін XXI ғасырда іске асыру тетіктері) [Мәтін] / О. Сәбден. - Алматы : [б. и.], 2017. - 216 б. -

Халқымыздың дана да дара кемеңгері, данышпан ақыны әрі ұлы ойшылы - Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын, жалпы адамзат баласын екі ғасырдан бері рухани құндылықтарға жетелеуде. Осыны негізге алған автор XXI ғасырда жаһандану заманына жаңа көзқараспен қарап, инновациялық серпіліс беріп, әлеуметтік-экономикалық талдау жасап, алдағы цивилизациялық сұраныстарға лайық деген өзінің ой толғамдарын оқырмандарға ұсынып отыр.
Бұл еңбекте Абайдың ой-тұжырымдарын ертеңгі ізгілендіру қоғамын құруға, оның моральдық кодексін жасауға пайдалану әрекеттері көрініс тапқан. Қазақ елін алға жетелейтін құндылықтардың тетіктері мен тың пікірлер берілген, болашаққа бағыттайтын жол мен жобалар да бар. Бұл кітапта Абай іліміне үлес қосқан ғалымдардың пікірлері берілген.
Кітап көпшілік оқырмандарға, әсіресе жастарға және болашақ адамзат өркениетіне бейжай қарамайтын қауымға арналған. Автор, аз да болса, бұл еңбек Қазақстанның келешекте дамыған, демократиялық мемлекеттердің қатарына жетуіне өз септігін тигізеді деген үмітте. Үшінші рет толықтырылған басылым.

Мырзахметұлы, Мекемтас. Абайтану [Мәтін]. 2-кітап / М. Мырзахметұлы. - 2-бас. - Астана : Interactiv Kazakhstan, 2014. - 524 б.

Белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы дайындап отырған бұл кітапта ұлы Абай мұрасы, оның зерттелуі туралы жазылған құңды деректер мен мұрағат қазыналары егжей-тегжейлі екшеліп, Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы сала-салаға бөлініп баяндалған.
Бір ғасырдан астам уақытта ұлы Абай асыл мұрасын танып, бағалау жолындағы жетістіктер мен кемістіктер бүгінгі күн тұрғысынан таразыланады
Сонымен қатар ғалымның Абайтану ғылымын қалыптастыру жолындағы ізденістері туралы замандас ғалымдардың ой-пікірлері топтастырылған.