ҒАБИДЕН МҰСТАФИННІҢ «МИЛЛИОНЕР» ШЫҒАРМАСЫНА 75 ЖЫЛ Ғабиден Мұстафин (1902–1985) – Қазақстанның халық жазушысы (1984), қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Абай атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1948 жылы Ғабиден Мұстафин колхоздық жүйені нығайту және дамыту туралы баяндайтын «Миллионер» шығармасын жарыққа шығарды. Бұл кітапты кеңес әдебиетінің көрнекті қайраткерлері, оның ішінде А.А. Фадеев жоғары бағалады. Шығарманың басты идеясы – соғыстан кейінгі қазақ ауылдарын көркейту, оның ішінде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, электірлендіру, жол салу сияқты мәселелерді қолға алу болып табылады. Шығармадағы оқиғалар орын алып жатқан жер – Амангеді колхозы. Басты кейіпкерлер Жақып пен Жомарттың көзқарастары екі түрлі. Қарт Жақып ескішілікті, бірқалыптылықты қалап барға қанағат тұтса, жас Жомарт ауылға жаңашылдық алып келіп, оны ары қарай дамытқысы келеді. Алайда, екеуін де алаңдататын бір нәрсе, ол – ауыл және де оның өсіп-өнуі. Бұл шығармада екі кезеңнің көрінісі айрықша көрсетілген: біреуі бұрыннан келе жатқан социализм болса, екіншісі жаңа коммунизм. Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының сирек қорында Ғ.Мұстафиннің 1948 жылы жарық көрген «Миллионер» кітабы сақталған. Кітап Алматы қаласындағы «Қазақтың біріккен мемлекет баспасында» жарық көрді. Мұстафин, Ғабиден. Миллионер [Мәтін] : повесть / Ғ. Мұстафин. – Алматы : Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, 1948. – 228 б.