Ұлы Абайдың бүгінгі күнге жетіп отырған мұрасы қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған мол рухани қазынасы екені баршамызға аян. Жалпы Абай тақырыбы, оның поэзиясының тереңдігі, айтқысы келген ойы, көтерген жүгі таусылмайтын телегей теңіз сынды. Абайдың сөзі, поэзиясы қазақтың бойтұмары десек, артық айтпаймыз. Абайды тану әлі де жалғасып жатыр. Абайдың жаңа қырын ашу кез келгеніміздің ой-санамызда тың серпіліс тудыруы мүмкін. Сондықтан заман ағымына сай Абай поэзиясы, қарасөздері, аудармалары, өлеңдерінің жаңа қырларын ашыла бермек. Ал бүгінгі ұрпақтың міндеті – Абайды жаңаша тану, ғылыми тұрғыдан көзқарас қалыптастырып, тың дүниелерге көз жүгірту, жаңа байламдар жасау. Қарағанды облыстық балалар кітапханасы 1955 жылдан бастап ұлы ағартушының есіміммен аталып келеді және оны мақтан тұтып, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы баға жетпес материалдарды жинақтап, сақтайды. Кітапхана қорындағы ұлы ақын есімімен байланысты раритет кітаптарды, өнер туындыларын, ақын шығармаларының шет тілдеріндегі аудармаларын көпшілікке танымал ету мақсатында кітапхана сайтына «Кітапхана және Абай» айдары орналастырылды. Айдар мынадай бөлімдерден тұрады: «Абай есімі берілген», «Абайды оқы, таңырқа!», «Абай әлемі – бейнелеу өнерінде», «Абай балаларға», «Абайтану». Абай әлеміне қош келдіңіздер!