Ақпан 25, 2024 Италия мәдениетінің апталығы By odb-abai inЖаңалықтар 19 ақпанда кітапханада «Мәдениеттер тоғысында» атты кітапхана жобасы аясында Италия мәдениеті апталығының ашылуы өтті. Оқырмандар мен кітапхана қонақтары Италия елінің мәдениеті мен әдебиетін, тарихын, салт-дәстүрлеріндегі ерекшеліктермен танысуға мүмкіндік алды. Салтанатты ашылу кітапхана фойесінде өтті, онда Академиялық музыкалық комедия театрының әртістері Макарова Елизавета мен Элагати Мерей Итальян тілінде құлақ құрышын қандырар арияларды шырқады. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы өз қорынан италяндық суретші Ремо Вольфтың экслибристерін, италяндық суретші Кармин Барборо мен қарағандылық суретші Полина Карпунинаның картиналарын Италия мәдениеті апталығы аясында оқырмандар назарына ұсынды. Іс-шараға келушілер италяндық стильдегі киімдері бар сәнді салонды тамашалап, Қарағанды облысы архитекторлар одағының мүшесі Владимир Троценконың Италияның сәулет өнері туралы баяндамасын тыңдады. Ашылу салтанаты «ЛеТа» аспаптық ансамблінің орындауындағы неаполитандық әуендермен аяқталды. 20 ақпанда оқырмандарға итальяндық режиссер, неореализм классигі Витторио де Сиканың 1948 жылы Луиджи Бартолинидің хикаясының негізінде түсірілген, әлі де өзектілігін жоғалтпаған, әлеуметтік әділетсіздік пен оның қарапайым адам тағдырына әсерін шебер бейнелеген «Похитители велосипедов» фильмі көрсетілді. 21 ақпан аспаз Виталий Косенчуктің шеберлік-сабағына арналды. Аспаз италияндық салатты дайындау әдісімен бөлісіп, оқырмандарға жалпы Италия асханасының қыр-сыры жайлы танымдық мағлұмат берді. Италия мәдениетінің апталығы «Мафия» командалық ойынымен аяқталды. Ойын барысында біздің оқырмандар бейбіт тұрғындардың, полиция қызметкерлері мен мафия өкілдерінің бейнелерін қолданған болатын. Қылмыстық әлем көшбасшыларын іздеуде қатысушылар интуициялары мен логикалық ойлау қабілеттеріне сүйене отырып, ауызбіршіліктің керемет нұсқасын көрсетті.