МҰХТАР МАҒАУИННІҢ «МЕН» РОМАНЫНА 25 ЖЫЛ

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин (1940) – қазақтың ауыз әдебиетін зерттеушісі, ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996), «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002), Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).
Мұхтар Мағауиннің «Мен» атты мемуарлық романы «Шытырман» жəне «Қия жолдар» деп аталатын екі кітаптан тұрады. М. Мағауиннің өзі туындысында атап көрсеткеніндей, бұл шығармасы ғұмырбаяндық өмір көріністерін толық қамтитын дүние емес, тек жазушының қалам тартқан жылдарындағы көрген-білгенін, жазу-сызудың машақатын, жазған дүниелерін жарыққа шығара алмай қиналған, күйзелген кезеңін саралай келе, өзінің жүріп өткен жолы турасында оқырманымен ой бөлісуі еді.
Мағауиннің «əсіресіз шындық» деп бағалауындағы бұл туындысынан жазушы өмірінің шынайы көріністерімен қатар кеңестік қоғам құрылымының ақиқаты да айқын көрінеді. Ес білгелі елінің жайын күйттеген, қазақ сөз өнерінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған туындыларында ұлттық мүддені ешқашан ұмыт қалдырмай, басты ұстанымы еткен қаламгер осы шығармасы арқылы жүріп өткен жолына көз жіберіп, өз кезеңінде өзегіне өрт боп тиген өзекті мəселелерді қозғайды. Елінің тəуелсіздік алғанына мың да бір тəуба айта отырып, тəуелдіктің тар қамытынан кең тыныстай алмай, қылғынған кезеңдерін көз алдынан өткереді.

Мағауин, Мұхтар. Мен [Мәтін] : роман-эссе / М. Мағауин. – Алматы : GAUHAR, 1998. – 585 б.