Мамыр 30, 2024 Оқырмандардың Нұрлан Санжармен кездесуі By odb-abai inЖаңалықтар 2024 жылы қазақ балалар әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр, жазушының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. 30 мамырда С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының кіші залында қазақстанның белігілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың повесі желісімен түсірілген «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, сценарист Нұрлан Санжармен шығармашылық кездесу өтті. «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп, балалар киносының үздік туындысына айналған көркем фильм 1967 жылы Халықаралық Канн кинофестивалінде арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл бүкіл қазақ киносының алғашқы халықаралық марапаты еді. Сонымен қатар, Нұрлан Санжардың «Періште», «Қызыл қар» повестері және «Нежданный гость – Джучи», «Бату-хан» романдары жарық көрген. Актердің «Ангелочек» повесінің желісімен түсірілген «Ангелочек» балалар телесериялы Ялта телевизиялық фильмдер фестивалінде арнайы сыйлықпен және Мәскеу телефорумының жүлдесімен марапатталды. Бұл іс-шара балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығына қызығушылық танытатын үш ұрпақтың кездесуіне ықпал етті. Кездесу барысында «Мен Қожадан аумайтын баламын» облыстық фестивалінің қорытындысы бойынша үздік болып «Қожаға ұқсас бала» атанған жеткіншектер шеруі өткізілді. Іс-шараға қатысушылар жазушыға сұрақтар қойып, қолтаңба алды.