Смаилов Төлеуғазы Хасенұлы (1932 ж.) Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ еңбек сіңірген қызметкері, профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Смаилов Төлеуғазы Қарқаралы ауданының Кеңес кеңшарында дүниеге келген, бірақ Ақтоғай ауданын өзінің кіші отаным деп санайды. Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен кейін (1959 ж.) «Қарағандыкөмір» комбинатының №31 шахтасында учаске бастығы және ауысым бастығы болып 13 жылдан астам уақыт еңбек етті. Қарағанды ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүргенінде, шахта оны аспирантураға жолдады. Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ маркетинг кафедрасында 40 жылдан астам уақыт еңбек етуде. Жас оқытушылардың жетекшісі, магистранттардың ғылыми жетекшісі болып табылады. Смаилов Төлеуғазы – «Инвестициялық саясат – Қазақстан Республикасындағы дағдарысты еңсеру жолы», «Қазақстанның қара және түсті металлургиядағы маркетингтік стратегиясы», «Қарағанды облысының әкімдігі тарапынан экономикалық дағдарыстан шығу жөнінде қабылданған шаралардың тиімділігі » жарияланымдарының авторы. 2017 жылы «Тегіңді таны. Знай свои корни» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітабының беттерінде Т.Смайылов дала ақсүйегінің тегін, дінді және өнерді, ғылым мен саясатты абстрактты ұғымдар мен таза санаттар түрінде емес, өмірге қатысты өткір және драмалық қақтығыстар арқылы сын тұрғысында ұсынады. Кітап туған өлкеге деген сүйіспеншілікке және оның тарихына деген шексіз қызығушылыққа толы. Автордың 100 астам ғылыми-әдістемелік еңбектері, оның ішінде 5 оқулық құралы, 2 өнертабыстық патенті бар. «Ыбрай Алтынсарин» (2006 ж.) төсбелгісімен, «Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ге 40 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.