Мамыр 26, 2022 Әйгерім Кәрібаеваның жетістік формуласы By odb-abai inЖаңалықтар 26 мамырда «Saryarqa» телеарнасында суретші, графикалық дизайнер Әйгерім Кәрібаева мен колледж студенттерінің қатысуымен «Жетістік формуласы» телебағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Талантты суретші «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, иллюстратор, «Рахат» кондитерлік фабрикасы өнімдерінің бренд-безендірушісі, «Экспо-Дубай-2022» мерч-серіктесінің және «ART-AIKA» жобасының авторы болып табылады. «Жетістік формуласы» телебағдарламасының қонағы балалармен сұхбатында өзінің өмір бойы сурет салумен айналысатынын және Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының екінші курсында оқып жүргенде-ақ жұмыс істей бастаған айтты. Алғашқы үлкен жетістігі «Umay Global Summit» әйелдер кәсіпкерлігі форумына арнап Ұмай ананың бейнесін салған кезде келіп, танымал бола бастайды. Әйгерім сол кезде бірінші рет көрмеге қатысуға шақырылып, суретші өзінің туындылары адамдарды бей-жай қалдырмайтынын түсінді. Жоба қонағының халық арасында танымал болуына «Instagram» әлеуметтік желісі біршама ықпал еткен, онда ол өзінің жеке күнделігін жүргізіп, жаңа жұмыстарын жариялап отырады. Әйгерімнің шығармаларында халық өмірінің әртүрлі дәуірлері бейнеленіп, ұлттық өрнектер заманауи нақышпен тоғыстырылған. «Этномодернизм – бұл біздің дәстүрлеріміздің, менің ойларымның, эмоция мен әсерлерімнің миксі»,- деп түсіндірді суретші. Иллюстратордың суреттеріндегі ең басты тақырып – отбасы, әйелдің осы өмірдегі орны, ана бақыты туралы. Балаларды суретшінің алғашқы туындылары, оның өнер саласындағы пір тұтқан адамдары, кәсіптегі қиындықтар, отбасылық қарым-қатынастары және басқа да мәселелер қызықтырды. Әйгерім балаларға өзінің балалық шағы туралы шынайы әңгімелеп беріп, «Сендерді шабыттандыратын адамдарды табыңдар, өздеріңнің мақсаттарыңа жетуде үлкен ерік-жігерлеріңді көрсетіңдер. Өмір сендерді бір емес, бірнеше рет сынайды, сондықтан артқа шегінбеңдер және өздеріңе ұнайтын істеріңді табыңдар, – деген кеңесін берді. Әйгерім Кәрібаеваның жетістік формуласының мәні – еңбек ету: кез келген уақытта, жағдайға қарамастан, әрқашан және барлық жерде. Қонақ жастарға ең алдымен еңбек етуді әдетке айналдыруға кеңесін берді. Кәсіби адам шабытты күтпейді, оның шығармашылығы үздіксіз процесс, ал шабыт тек жұмыс кезінде ғана келеді. Бағдарлама соңында Әйгерім Кәрібаева түсірілімге қатысқан әрбір қатысушыға естелік сыйлығын табыстады. Жоба қонағының пікірінше, ең үздік сұрақты Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің студенті Виктория Парахина қойып, сұрақ авторына суретші өз постерлері мен дизайнерлік безендіруіндегі «Рахат» фабрикасының кәмпиттерін сыйлады.