Қараша 29, 2022 Нұрлан Дулатбековтің қатысумен «Жетістік формуласы» бағдарламасы. By odb-abai inЖаңалықтар 29 қарашада «SARYARQA» телеарнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Бағдарлама қонағы қазақстандық танымал ғалым, ҚР білім беру жүйесінің қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Карлаг – болашақ үшін естелік» жобасының авторы мен жетекшісі, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков болды. Қонақты студияда Ә.Сағынов атындағы «Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Инновациялық технологиялар колледжі мен «Қарағанды экономика және статистика колледжі студенттері және «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары қарсы алды. Бағдарлама кейіпкері өзінің жетістіктері, қызығушылықтары туралы әңгімелеп, балалық шағындағы бақытты сәттерін еске түсірді, балаларды армандауға, көп талмай еңбектенуге және тарихты оқуға шақырды. «Тарих – қайталанып отыратын үрдіс, сол себепті біз әрқашан тарихтан сабақ алуымыз керек. Тарихымыздың жақсы жақтарын ғана емес, көлеңкелі жақтарын да зерделей білсек – үлкен мақсаттарға жететін жолды ашамыз, – деді ол. «Қазіргі студенттерге көзқарасаңыз қандай?» – деген сауалға Нұрлан Орынбасарұлы «Студенттерді жақсы көремін, олармен еркін сөйлесіп, дос ретінде қарауға тырысамын. Мен тәрбие мен оқытуды ұнатамын, сол себепті осы мамандықты таңдадым» – деп жауап берді. Қонақ өзінің көп кітап оқитынын атап өтіп, кездесуге қатысқан студенттерге М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесін, поэзия алыптары М.Мақатаев, Қ.Аманжоловтың өлеңдерін оқуға кеңес берді. Студияның құрметті қонағы мен балалар арасында ашық, емен-жарқын әңгіме-сұхбат болды. «Жетістік формуласы» телевизиялық жобасының шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақтарды таңдап, студенттерге естелік ретінде сыйлықтарын ұсынды. Жоба ұйымдастырушылары Нұрлан Дулатбековке А.Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын және жетістік пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйын табыс етті.