Archive Қараша 2022

Нұрлан Дулатбековтің қатысумен «Жетістік формуласы» бағдарламасы.

29 қарашада «SARYARQA» телеарнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті. Бағдарлама қонағы қазақстандық танымал ғалым, ҚР білім беру жүйесінің қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Карлаг – болашақ үшін естелік» жобасының авторы мен жетекшісі, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков болды.
Қонақты студияда Ә.Сағынов атындағы «Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Инновациялық технологиялар колледжі мен «Қарағанды экономика және статистика колледжі студенттері және «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары қарсы алды.
Бағдарлама кейіпкері өзінің жетістіктері, қызығушылықтары туралы әңгімелеп, балалық шағындағы бақытты сәттерін еске түсірді, балаларды армандауға, көп талмай еңбектенуге және тарихты оқуға шақырды. «Тарих – қайталанып отыратын үрдіс, сол себепті біз әрқашан тарихтан сабақ алуымыз керек. Тарихымыздың жақсы жақтарын ғана емес, көлеңкелі жақтарын да зерделей білсек – үлкен мақсаттарға жететін жолды ашамыз, – деді ол.
«Қазіргі студенттерге көзқарасаңыз қандай?» – деген сауалға Нұрлан Орынбасарұлы «Студенттерді жақсы көремін, олармен еркін сөйлесіп, дос ретінде қарауға тырысамын. Мен тәрбие мен оқытуды ұнатамын, сол себепті осы мамандықты таңдадым» – деп жауап берді.
Қонақ өзінің көп кітап оқитынын атап өтіп, кездесуге қатысқан студенттерге М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, Ш.Айтматовтың «Жәмилә» повесін, поэзия алыптары М.Мақатаев, Қ.Аманжоловтың өлеңдерін оқуға кеңес берді.
Студияның құрметті қонағы мен балалар арасында ашық, емен-жарқын әңгіме-сұхбат болды.
«Жетістік формуласы» телевизиялық жобасының шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақтарды таңдап, студенттерге естелік ретінде сыйлықтарын ұсынды. Жоба ұйымдастырушылары Нұрлан Дулатбековке А.Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын және жетістік пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйын табыс етті.

«Дарынды бала әлемі»

      Кітапханада 24 қарашада «Дарынды бала әлемі» жинағының I – ші томының тұсаукесері өтті. Кітапта қазақ және орыс тілдерінде мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін ең тиімді ертегілер жинақталған. Жинаққа енген ертегілер жас оқырмандарды батылдыққа, тапқырлыққа, әділеттікке, қайсарлыққа үйретеді. Ерекшелігі әр ертегі мақал-мәтелдермен аяқталатындағында, ал мақал-мәтел тәрбие беруде басты құрал.
Жоба авторы «Дарынды бала» балалардың көшбасшылығын дамыту орталығының құрылтайшысы – Айнагүл Қайырбекқызы Хамитова қатысушыларды жобаның басты мақсатымен таныстырып, кең көлемде ой бөлісті.
Сонымен қатар Қарағанды «Дарынды бала» балабақшасының ұстаздары кітапхананың кішкентай оқырмандары үшін шеберлік сабағын өткізді.

«Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» жобасы

«Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» кітапханалық жоба аясында 22-23 қараша күндері балалар жазушысы Наталья Инжевская Саран қаласы және Осакаровка ауылының оқырмандарымен кездесті.
Балалар үшін автормен жүздесу, оқыған кітаптары туралы өз әсерлерімен бөлісу, жазушының шығармашылық жоспарлары туралы білу қызықты болды.
Оқырман балалар Н. Инжевскаяның әңгімелерінен үзінді көрсетіп, өлеңдер оқыды. Жазушымен өткен шығармашылық кездесу балаларға өте қызықты болды.

Кітапханалық дәріс

23 қарашада Абай атындағы мектеп-гимназиясының 8-9 сынып оқушыларына Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің, тарих факультетінің, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Жулдыз Карсыбаева Халық қаһарманы, аты аңызға айналған партизан Қасым Қайсеновтың өмірі мен шығармашылығы бойынша дәріс оқыды.
Балаларға «Қасым Қайсенов Естеліктер», «Қ.Қайсенов өмірі мен шығармашылығы» бейнеролигінен үзінді көрсетіліп, кітап көрмесіне шолу жасалынды.

«Ерлік пен махаббат жыршысы» әдеби кеш

23 қарашада кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ә. Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ерлік пен махаббат жыршысы» атты әдеби кеш өткізілді.
Іс-шараға жазушы-этнограф, журналист Т. Әкежанов және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының 10-11 сынып оқушылары қатысты.
Төрехан Майбасұлы жазушының шығармашылығы жайлы құнды, қызықты деректермен ой бөлісті. Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығын баяндайтын «Өмір жолы» атты бейнеролик көрсетіліп, жазушының кітаптары жинақталған «Ерлік пен махаббат жыршысы» атты кітап көрмесіне библиогафиялық шолу жасалды.

«Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» кітапханалық жобасы

«Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» кітапханалық жобасы оқырмандарды заманауи қазақстандық балалар жазушыларының шығармашылығымен таныстыруды жалғастыруда.
Бұл жолғы қонағымыз кітапханамыздың досы және серіктесі Наталья Инжевская. Автор балаларға «Волшебные сказки Сарыарки» сериясымен жарық көрген «Тюльпан счастья», «Приключения Ослика Жайдара» атты жаңа кітаптарын ұсынды.
Кездесу барысында Қаражал қаласының оқырмандары арасында осы кітаптар желісі бойынша салынған балалар иллюстрациялары байқауының қорытындысы шығарылды.
Іс-шараға Қаражал қаласының ОКЖ директоры Т.Байшукенова қатысып, Қаражал қаласының оқырман балаларына Н. Инжевская кітаптарын және байқауға қатысқан балаларға сыйлықтарын табыстады.
Биылғы жылы оқырман мен жазушы арасында алтын көпір болған «Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» кітапханалық жобасы өз жұмысын қорытындылап, жоба алдағы жылы да өз жалғасын табады. Барлық өткен кездесулерден балалар жақсы әсер алып, өздеріне керекті құнды дүниелерді сіңіре білді деген үміттеміз.

«Қауырсын қалам» әдеби клубы

«Қауырсын қалам» әдеби клубы өз жұмысын жалғастыруда.
Шығармашылықты сүйетін балалар бір-бірімен араласып, өз жетістіктерімен бөлісіп, ақындық шығармаларын талқылап, замануи ақын-жазушылардың шығармалары туралы пікір алмасты.
Шығармашылық алаңда жас дарындар өздерінің жаңа өлеңдерін оқыды.

«Кел, қазақша сөйлейік!» үйірмесі

«Кел, қазақша сөйлейік!» үйірмесінің кезекті сабағы «Қыс қызығы» тақырыбында өткізілді. Балалар сабақта қысқы табиғат ерекшеліктерімен танысып, сурет салды. Өз жұмыстары туралы әңгімелеп береді.

«Шуақ»

«Шуақ»  студиясының қатысушылары «Черепаха и остров» ертегісін оқығаннан кейін қолда бар заттармен тасбақа қолөнерін жасады.

«Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» жобасы

Балалар жылы аясында «Балалар, Сіздер үшін жазамыз!» жобасын жүзеге асыру мақсатында 16 қараша күні белгілі қазақ жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мемлекет қайраткері Мәди Айымбетовпен (Астана қ.) шығармашылық кездесу өтті. Жазушы Шет ауданы, Ақсу Аюлы кентінің және Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының оқырман балаларымен кездесті.
Іс-шараға Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің филология ғылымдарының кандидаты Тапашев Мейіржан Әбдіқадырұлы қатысты.
Шара барысында қаламгердің туындыларын насихаттауға бағытталған бейнеролик көрсетіліп, автордың «Бар болғаны он төрт жас» повесінен үзінді көрсетілді. Балалар жазушыдан қолтаңба алып, керемет әсермен тарқасты.