Арман Жүдебаевтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасы.

Арман Жүдебаевтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасы.

1 желтоқсан күні «SARYARQA» телеарнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевпен өткізілген болатын.
Қонақпен кездесуге Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері мен мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушылары келді. Балалар мен қонақ арасындағы диалог көңілге жағымды, өте әсерлі өтті.
Кездесу барысында қонақ отбасы, балалық шағы, шығармашылық жолы жайлы айтып, сахнада болған қызықты оқиғаларын еске түсіріп әңгімелеп берді.
Арман Әділханұлы бала кезінде спортқа жақын болып өскен екен. Бала Арман футболист болуды армандаған. Ата-анасы кішкентайынан бастап қазақтың дәстүрі мен салт-санасын бойына сіңірсе керек. Міне, соның арқасында құрметті қонағымыз қазақ даласына қасиетті домбыра өнерін насихаттауда. «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашынан» демекші ең алғаш домбыраға деген сүйіспеншілігі, өнерге деген қызығушылығы нағашы апасынан дарыған екен.
«Сiз үшiн күйдiң қасиетi мен киелi домбыраның құдiретi неде?» – деген сауалға: «Күй – терең ұғым. Күй бар жерде қазақ бар, қазақ бар жерде күй бар. Домбыра – қазақтың жаны. Сонау Қорқыт, Құрманғазыдан жеткен киелі аспап», – деді дирижер.
Диалог алаңының қатысушылары Арман Әділханұлынан оның жетістік формуласын білді. Құрметті қонақтың айтуы бойынша: «Адамның жүрек қалауына байланысты. Жетуге мақсат қойып, армандаңыздар. Еңбек жолында көп еңбек етсеңіздер, уақыты келгенде жемісін көресіздер».
Әңгімелесу барысында жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, болашақ өнер жолын таңдаған жас мамандар үлкен рухани азық алды.
Бағдарлама соңында Арман Әділханұлы студенттердің сұрауымен қонақ кәде ретінде Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындады.
«Жетістік формуласы» телевизиялық жобасының шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақтарды таңдап, балаларға естелік ретінде «Ұлы дала сарындары», «Халық музыкасы – ұлттың үн-байрағы» күй жинақтарын сыйға тартты.
Жоба ұйымдастырушылары Арман Әділханұлы Жүдебаевқа А.Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын және жетістік пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйын табыс етті.

Comments are closed.