Эмин Аскеровтің қатысуымен «Жетістік формуласы» тележобасы

Эмин Аскеровтің қатысуымен «Жетістік формуласы» тележобасы

Әлеуметтік кәсіпкер, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Эмин Аскеровпен кездесумен «Жетістік формуласы» теледидар жобасы түсірілімінің жаңа маусымы басталды. 04.06.21 ж. бағдарлама эфирге шықты.
Жоба 2021 жылы жаңа түсірілім алаңымен, жаңа қонақтармен, жаңа қатысушылармен, жаңа идеялармен бастау алды.
Эмин Аскеров Қазақстан халқының әлеуметтік осал топтарының өкілдерін (мүгедектер, балалар үйінің түлектері, жалғызбасты аналар, бұрын сотталған) жұмысқа орналастыруға көмектеседі, сонымен қатар ол әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы және шешендік өнер мен бизнес жаттықтырушысы.
2021 жылғы 17 мамырда №93 гимназияның, Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның, Қарағанды коммерциялық колледжінің, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатының және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының оқушылары (28 адам) шығарылым кейіпкерімен кездесуге келді.
Көрермендер қонақты жылы қарсы алды. Қатысушылар сұхбатты тағатсыздана күтіп, бірден сұрақтар қоюға көшті.
Эминнің әлеуметтік қызметке деген адалдығы осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен анасының арқасында пайда болды. Ол ұлына адамдарға көмектесудің қаншалықты маңызды екендігі туралы ойды жеткізді.
Болашақ әлеуметтік кәсіпкердің балалық шағы қалай өткенін, қонақтың кіммен дос болғанын, кімге ғашық болғанын, өмірін өзінің негізгі кәсібіне арнаймын деп шешкенде неден шабыт алғанын, адамның қандай қасиеттерін маңызды деп санайтынын, неге қызығушылық танытатынын, нені оқитынын және басқаларын білу балаларға қызықты болды.
Қонақ музыка сабағы, қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс жасау, Назарбаев университетіндегі оқытушылық қызметі және бизнес саласындағы сынақтар мен қателіктер кезеңі қамтылған өмірбаянымен балалармен бөлісті.
Жас кәсіпкер балаларға «өздерін табуға және сүйікті ісімен айналысуға», ал табысты болу үшін «өзінің қорқыныштарын ұмытып, мақсат қойып, оған жетуге ұмтылуға» кеңес берді. «Табыстың 95%-ы – сендер, 5%-ы – сыртқы жағдайлар. Сендердің кім болатындарың тек қана өздеріңе байланысты», – деді бағдарлама қонағы.
Эмин өзін қандай да бір ережелер аясындае өмір сүре алмайтын ерекше адам ретінде көрсетті. Әңгіме өте көңілді әрі қызықты болды. Аудитория ғана емес, қонақтың өзі де сұрақтар қойды.
Үздік сұрақты таңдау уақыты келгенде, Эмин бұл жерде де өзінің ерекшелігін көрсетті – ол бір адамды емес, бәрін таңдады. Және жақын арада барлығына GreenTal-басқатырғыштар – естелік сыйлықтарын жіберуге уәде берді.
Бағдарлама шарты бойынша қонақ балаларға бір сұрақ қоя алады, ал ол «Білім беру жүйесінде нені өзгерту керек?» – деген сұрақ болды. Бағдарламаға қатысушылардың елдегі білім сапасына қатты алаңдайтыны және оны жақсартқысы келетіні белгілі болды.
Дәстүр бойынша кездесу кітап сыйлығымен аяқталды. Басты кейіпкер ұйымдастырушылардан Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» сыйлық кітабын алды.

IMG_3137
IMG_3138
IMG_3152
IMG_3157
IMG_3160
IMG_3166
IMG_3170

Comments are closed.