Есдәулетов Ұлықбек Оразбайұлы
(29.04.1954 ж.)

         Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, Қазақстан журналистика Академиясының толық мүшесі-академик, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және “Алаш” халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулетов 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1971 жылы «Коммунизм туы» облыстық газетінде корректор болып бастады.

      С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курстарды бітірген.

    «Қазақстан пионері» газетінің корреспонденті, «Жазушы» баспасының редакторы, ҚазКСР мемлекеттік телерадиосының редакторы, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 2002-2008 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 2008 жылдан «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып жұмыс істейді, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

    «Қанат қақты», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ақ керуен», «Жүректегі жарылыстар», «Киіз кітап» кітаптарының авторы, «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының гимні – «Заман-ай» әні мәтінінің авторы.

      Ұ.Есдәулетовтің «Алтай асулары.Перевалы Алтая» (1988), «Ахиллестің өкшесі.Ахиллесова пята» (2002) өлеңдер жинағы орыс тіліне аударылып жарыққа шықты. «Молодые поэты Средней Азии» (1982), «Разбег» (1986), «Рукопожатие» (1987) жинақтарында, «Истоки» және «Вдохновение» альманахтарында шығармаларын орыс тілінде жариялады. Ұ.Есдәулетовтің өлеңдері «Долгий свет» жинағында болгар тілінде (1983), «Рост» жинағында ағылшын тілінде (1986) басылып шықты.

       Ұлықбек Есдәулетов жақын және алыс шет елдер ақындарының өлеңдерін аударумен белсене айналысады. 1984 жылы ол аударған моңғол ақындарының өлеңдерінің «Дос жүрегі» жинағы жарыққа шықты.

      М.Лермонтовтың, А.Блоктың, Д.Кедриннің, Б.Слуцкийдің, Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

       Ұ.Есдәулетов 1996 жылдан Қазақстанның ішкі саясат министрлігінің мәдени байланыс, гуманитарлық ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері жөніндегі басқармасында жұмыс істейді. «Құрмет» орденімен марапатталған.

сканирование0003
сканирование0005