Жазықбаев Ерғазы Сәдуақасұлы
(17.05.1941 ж.)

Қоғам қайраткері, публицист, ақын, еңбек ардагері, Журналистер одағының мүшесі, «Индустриальная Караганда» газетінің штаттан тыс тілшісі, Қазыбек би атындағы ауданның соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғазы Жазықбаев 1941 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бесоба ауылында туған.

1958 жылы онжылдық білім алып, инженер-механик мамандығы бойынша Алматы ауыл шаруашылық институтына оқуға түседі. Оқуы кезінде сол уақыттың әйгілі адамдары Әлкей Марғұланмен, Қасым Қайсеновпен, Олжас Сүлейменовтермен әдеби кештер мен шығармашылық кездесулер өткізеді.

1967 жылы Қарқаралы ауданында бас инженер, кейін су шаруашылығы басқармасында директор болып жұмыс істеді.

«Көктем лебі» атты алғашқы өлеңі «Коммунизм таңы» газетінде жарияланды. «Урожай» студенттер газеті, «Лениншіл жас» газеті жас дарынды ақынның шығармаларын басып шығарды. Оны қазақ телестудиясына шақырады, онда ол белгілі жазушылар мен ақындар М.Шахановпен, Т.Айбергеновпен, А.Бақтыгереевалармен танысады.

Ерғазы Сәдуақасұлы – махаббат туралы («Махаббат – жастық күйін ұқ», «Сен дегенде»), табиғат туралы («Қос қарлығаш», «Қыс түсті»), достық туралы («Ағаларды еске алу»), өмір туралы («Қыз бала», «Өмірде жоқ ондай жан», «Өмір өзен…»), Отан туралы («Ер қазақпын», «Азаттық – ел бақыты») және басқа өлеңдердің авторы.

1978 жылы «Жалын» журналы «Балауса» өлеңдер жинағын, 1990 жылы «Дүлей мен үрей» өлеңдер мен поэмалар жинағын жарыққа шығарады.

2003 жылы қарағандылық «Арко» баспасы «Асыл жар» өлеңдер мен әндер жинағын және осы атаудағы поэмасын басып шығарды.

1996 жылдан бастап құрметті еңбек демалысында. Әдеби кештердің белсенді қатысушысы; ардагерлерге, мүгедектерге, зейнеткерлерге арналған «Мейірімді жүрек» акциясының ұйымдастырушысы. Аудандық әкімдікпен, кәсіпорын басшыларымен тығыз байланыста ынтымақстасып, қайырымдылық жұмыстарын жүргізеді.