Қараша 22, 2019 «Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Айнагүл Хамитовамен кездесу By odb-abai inБасты, Жаңалықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс-шараларының республикалық тізбесіне енгізілген «Жетістік формуласы» кітапханалық жоба аясында 2019 жылғы 22 қарашада «SARYARQA» телеарнасында оның телевизиялық түсірілімі өтті. Диалог алаңында «Дарынды бала» балалардың көшбасшылығын дамыту орталығының құрылтайшысы, «Алтын алқа» төс белгісінің иегері, Қарағанды облысының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Айнагүл Хамитова және Ғ.Мұстафин атындағы №83 және №10 ЖБББОМ оқушылары (60-қа жуық) кездесті. Әңгіме барысы «Айнагүл Қайырбекқызы, сізге мынадай әдемі есімді кім қойды» дегенмен басталды. Айнагүл өзінің атын анасы қойғанын, анасының орны бөлек және оның бейнесі үнемі жүрегінде екенін айтты. Бұл ана мен бала арасындағы тығыз қарым-қатынасты білдіріп қана қоймай, аналық махаббаттың өшпес берік белгісі екендігін білдіреді. Айнагүлдің айтуынша, ол анасының өсиеттерін орындауға тырысады, сол кісінің ізімен жүргісі келеді. Айнагүл үшін өмірдегі ең үлкен өкініш – бұл анасына өте аз уақыт бөлгені. Анасының өмірден өткені Айнагүл Қайырбекқызына үлкен соққы болып тиген екен. Әңгіме барысында бенефис-шоуға қатысушылар, қазір Хамитовтар отбасында 2 ұл және 5 қыз бала тәрбиеленіп жатқанын білді. «Біз жұбайымызбен әр баламызға ең жақсы тәрбие, білім беруге тырысамыз. Балаларымызды музыка, кескіндеме және қолданбалы өнерге баулимыз. Балалардың көптігінен біз қорықпаймыз, баланың көптігі жаңа шешімдер мен жаңа жобаларға шабыттандырады». Үлкен ұлы экономикалық бағыт бойынша Канадада жоғары білім алып, бүгінде көп саяхат жасап, тілдерді үйренуде, қазір танымал блогер. Басқа балалары да түрлі салаларда өздерінің қабілеттерін көрсетіп отыр: біреуі музыкада, енді біреуі математикада, ал бірі киім дизайнында ерекше талпыныс танытып келеді. А.Хамитова өзінің балалық шағы мен мектеп жылдары туралы қуана еске алды. Ол мұғалімдерді тыңдамай, бұзақылық мінез көрсетіп, өте ширақ, әуесқой оқушы болған екен. Мұғалім болуды армандаған, бірақ ата-анасының талабымен Қарағанды политехникалық институтына (қазіргі ҚарМТУ) оқуға түскен. Бірақ, Айнагүл тек көп балалы ана ғана емес, сонымен қатар, табысты тәрбиеші, ұйымдастырушы бола алатынын дәлелдеді. Диалогтық алаң қатысушыларына Айнагүл «Өзіңізге ұнайтын, жүрегіңіз қалайтын мамандыққа бару маңызды.. Бастысы – өзіңіздің жүрегіңізді тыңдаңыз, сонда сізден керемет маман иесі шығады»,- деді. Қандай әдебиетті сүйіп оқисыз деген сұраққа Айнагүл Қайырбекқызы шығу тегі ливандық белгілі американдық ғалым Нассим Николас Талебаның ғылыми мақалалары мен экономика мен қаржы мәселелеріне арналған кітаптарын көп оқитындығын айтты. А.Хамитованың отбасы кітап оқығанды жақсы көреді, олар ай сайын 10-15 кітаптан сатып алады екен. Отбасы туралы әңгіме әрі қарай кәсіпкерлік қызмет саласына өтті. Айнагүл Қайырбекқызы балаларға арнап жұбайы Қайратпен бірге «Көшбасшылық дамыту» орталығын ұйымдастырғаны туралы және байқауға қатысып, грантты жеңіп алуы кәсіпкерлік бағытының алға басуына септігін тигізгеніне тоқталды. «Осыдан кейін біз бірінші балабақшамызды аштық, келесі жылы екінші балабақшаны аштық. 4 жылдың ішінде біз 4 балабақша аштық. Бүгінгі таңда 850 бала, 850 отбасы бар. Өте көп жұмыс. Өте үлкен жауапкершілік», – дейді бағдарлама Қонағы. «Дарынды бала» бала бақшаларында 3 жастан бастап балалар футболмен айналысады, домбырамен ойнайды, ән айтады, би билейді, сурет салады. Өз тәжірибесінің негізінде ол «30 күн ішінде балабақшаны қалай ашу керек екені жайлы» деген кітап жазды. Бағдарлама соңында Айнагүл Қайырбекқызы бенефис-шоу шарты бойынша Ғ.Мұстафин атындағы №83 жалпы білім беретін орта мектебінің 9 «Б» сынып оқушысы Алина Самошкинаның сұрағын (анасы туралы) ең таңдаулы және мағыналы деп шешіп, арнайы сыйлығын берді. Жоба ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Айнагүл Хамитоваға табыстылық пен танымалдықтың символы «Жетістік формуласы» кәдесыйын және Абайдың «Қара сөз» кітабын табыс етті.