«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Жігер Телюқановпен кездесу

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Жігер Телюқановпен кездесу

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс-шараларының республикалық тізбесіне енгізілген «Жетістік формуласы» кітапханалық жобасының аясында 2020 жылғы 7 қазанында «SARYARQA» телеарнасында кезекті телевизиялық түсірілім өтті.

Диалог алаңында Ақтау қаласынан келген жас педагог, Англияда өткен ұстаздар арасындағы халықаралық байқаудың «Әлемдегі үздік химия пәнінің мұғалімі» номинациясы бойынша жеңімпазы Жігер Ерболұлы Телюқанов  №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты, №92 гимназия және №17 ЖББОМ оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында жас педагог өзінің балалық шағы мен өскен ортасы, ұстаздық мамандықты қалай таңдағаны туралы, өзінің болашақта қол жеткізуді мақсат етіп қойған армандары жайлы мектеп оқушыларына баяндап берді. Оқушылар кездесу қонағына бүгінгі химия ғылымы мен оның дамуы туралы, химик болудың қыр-сыры, өмірлік ұстанымдары мен ұстаздық етудің қоғамдағы ролі жайлы сұрақтарын қоя отырып, осындай жетістікке жетуінің сырына үңілді.

Жігер Ерболұлы оқушылардың әр түрлі сұрақтарына жауап бере отырып Лондон қаласында өткен байқау мен одан алған әсерін ортаға салды. Аталмыш конкурсқа әлемнің 100-ден аса ұстаздары қатысыпты. Сайыстың жеңімпазына Англияда тегін магистрлік білім алу сертификаты табысталған. Алайда Жігер гранттан бас тартып, елге қызмет етуді жөн деп тапқан. «Біздің борышымыз бар. Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты біздің ұлы зиялыларымыз өз заманында жастарға білім беру керек деп өздерінің жанын пида еткен болса, дәл солардың жолын қуатын тек қана қазақтың қарапайым қара домалақ баласының біріміз ғой”, – дейді педагог. Қазақ ұлттық университетінде оқып, білімін Англия мен Францияда жалғастырған Жігер Телюқанов жеті тілде еркін сөйлейді.

Бенефис-шоудың шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақты таңдап, сұрақ авторына арнайы дайындап әкелген сыйлығын естелік ретінде берді.

Жоба ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Жігерге табыстылық пен танымалдықтың символы «Жетістік формуласы» кәдесыйын және Абайдың «Қара сөздері» мен Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабын табыс етті.

Comments are closed.