Archive Желтоқсан 2022

«Ертегілер мен оқиғалар сағаты»

07 желтоқсанда «Ертегілер мен оқиғалар сағаты» жобасы аясында кезекті дауыстап оқу өткізілді. Балаларға әнші, вокал ұстазы Думан Баймағамбетов әйгілі испан жазушысы Росион Бонильяның «Көршілер» атты шығармасын оқыды.

Ерлан Амангелдиновтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасы.

6 желтоқсанда «SARYARQA» телеарнасында жас кәсіпкер, қарағандылық, «Sweatberry Tours» компаниясының негізін қалаушы, Forbes 30 Under 30 тізіміне енген саяхатшы Ерлан Амангелдиновтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі өтті.
Студияға Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің және экономика, бизнес және құқық колледжінің студенттері, сондай-ақ Шәкәрім атындағы гимназияның 10-11 сынып оқушылары жиналды.
Бағдарламаның қонағы Ерлан Амангелдинов 28 жасында көп нәрсеге қол жеткізді. 2017 жылы ол өзінің авторлық турларын аша отырып, саяхат агенттігін ұйымдастырды. Ерланның айтуынша, барлық туристер бірге саяхаттанған адамдарға байланысты саяхатқа риза бола бермейді, сондықтан ол туристер үшін барынша жайлылық жасауды мақсат етіп қойды.
«Sweatberry Tours» агенттігі жас энтузиастар жұмыс істейтін авторлық турларды ұйымдастыру бойынша Қазақстандағы ең ірі агенттіктердің бірі. Ерланның өзі 40 елде болған, бірнеше шет тілдерін жақсы біледі.
Кездесуге қатысушылар әр түрлі сұрақтар қойды: Біздің кейіпкерімізге немқұрайлылық жағдайы таныс па?; Ол қай футбол клубын қолдайды?; Жер бетіндегі ең жақсы қала қандай? және т.б. сұрақтар төңірегінде сұхбат болды. Ерлан барлық сұрақтарға шынайы және ашық жауап берді. Оның өмірлік ұстанымы: «Барынша шынайы болу». Кездесуге қатсушы жастар Ерланның әзілқойлығын ерекше атап өтті.
Бағдарламаның финалында белсенді қатысушылар саяхатшыдан естелік сыйлықтар алды, қонаққа дәстүрлі түрде Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабы және жетістік пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйы табыс етілді.

Арман Жүдебаевтың қатысуымен «Жетістік формуласы» бағдарламасы.

1 желтоқсан күні «SARYARQA» телеарнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті түсірілімі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевпен өткізілген болатын.
Қонақпен кездесуге Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері мен мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқушылары келді. Балалар мен қонақ арасындағы диалог көңілге жағымды, өте әсерлі өтті.
Кездесу барысында қонақ отбасы, балалық шағы, шығармашылық жолы жайлы айтып, сахнада болған қызықты оқиғаларын еске түсіріп әңгімелеп берді.
Арман Әділханұлы бала кезінде спортқа жақын болып өскен екен. Бала Арман футболист болуды армандаған. Ата-анасы кішкентайынан бастап қазақтың дәстүрі мен салт-санасын бойына сіңірсе керек. Міне, соның арқасында құрметті қонағымыз қазақ даласына қасиетті домбыра өнерін насихаттауда. «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашынан» демекші ең алғаш домбыраға деген сүйіспеншілігі, өнерге деген қызығушылығы нағашы апасынан дарыған екен.
«Сiз үшiн күйдiң қасиетi мен киелi домбыраның құдiретi неде?» – деген сауалға: «Күй – терең ұғым. Күй бар жерде қазақ бар, қазақ бар жерде күй бар. Домбыра – қазақтың жаны. Сонау Қорқыт, Құрманғазыдан жеткен киелі аспап», – деді дирижер.
Диалог алаңының қатысушылары Арман Әділханұлынан оның жетістік формуласын білді. Құрметті қонақтың айтуы бойынша: «Адамның жүрек қалауына байланысты. Жетуге мақсат қойып, армандаңыздар. Еңбек жолында көп еңбек етсеңіздер, уақыты келгенде жемісін көресіздер».
Әңгімелесу барысында жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, болашақ өнер жолын таңдаған жас мамандар үлкен рухани азық алды.
Бағдарлама соңында Арман Әділханұлы студенттердің сұрауымен қонақ кәде ретінде Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындады.
«Жетістік формуласы» телевизиялық жобасының шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақтарды таңдап, балаларға естелік ретінде «Ұлы дала сарындары», «Халық музыкасы – ұлттың үн-байрағы» күй жинақтарын сыйға тартты.
Жоба ұйымдастырушылары Арман Әділханұлы Жүдебаевқа А.Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын және жетістік пен танымалдықтың символы – «Жетістік формуласы» кәдесыйын табыс етті.

«Кел, қазақша сөйлейік!» үйірмесі

«Кел, қазақша сөйлейік!» үйірмесінің жетекшісі сабаққа қатысқан балаларға «Жыл айларының атауларын» таныстырып өтті.
Балалар он екі ай атауын ребус, сөйлемдерді толықтыру арқылы шешіп үйренді. Сабақ көңілді және қызықты болды.