«Соғыс жайлы бірер сөз. Я расскажу вам о войне»

Қарағанды қаласының 4-6 сынып оқушыларының арасында өткізілетін «Соғыс жайлы бірер сөз. Я расскажу вам о войне»  атты байқауымыз қазіргі таңдағы жағдайға байланысты 2021 жылға ауыстырылды.

Өтініш қалдыру мерзімі 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартылады.

Сізді байқау қатысушы ретінде көруге қуаныштымыз!

Байқау шарттары өзгеріссіз қалады.

Қосымша сұрақтар бойынша байқаудың ұйымдастырушысы Кучаева Елена Олеговнаға хабарласа аласыздар. ж.т. 8(7212) 412325;  сот. 87786272300

         

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Жігер Телюқановпен кездесу

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс-шараларының республикалық тізбесіне енгізілген «Жетістік формуласы» кітапханалық жобасының аясында 2020 жылғы 7 қазанында «SARYARQA» телеарнасында кезекті телевизиялық түсірілім өтті.

Диалог алаңында Ақтау қаласынан келген жас педагог, Англияда өткен ұстаздар арасындағы халықаралық байқаудың «Әлемдегі үздік химия пәнінің мұғалімі» номинациясы бойынша жеңімпазы Жігер Ерболұлы Телюқанов  №1 «Білім-инновация» лицей-интернаты, №92 гимназия және №17 ЖББОМ оқушыларымен кездесті.

Кездесу барысында жас педагог өзінің балалық шағы мен өскен ортасы, ұстаздық мамандықты қалай таңдағаны туралы, өзінің болашақта қол жеткізуді мақсат етіп қойған армандары жайлы мектеп оқушыларына баяндап берді. Оқушылар кездесу қонағына бүгінгі химия ғылымы мен оның дамуы туралы, химик болудың қыр-сыры, өмірлік ұстанымдары мен ұстаздық етудің қоғамдағы ролі жайлы сұрақтарын қоя отырып, осындай жетістікке жетуінің сырына үңілді.

Жігер Ерболұлы оқушылардың әр түрлі сұрақтарына жауап бере отырып Лондон қаласында өткен байқау мен одан алған әсерін ортаға салды. Аталмыш конкурсқа әлемнің 100-ден аса ұстаздары қатысыпты. Сайыстың жеңімпазына Англияда тегін магистрлік білім алу сертификаты табысталған. Алайда Жігер гранттан бас тартып, елге қызмет етуді жөн деп тапқан. «Біздің борышымыз бар. Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты біздің ұлы зиялыларымыз өз заманында жастарға білім беру керек деп өздерінің жанын пида еткен болса, дәл солардың жолын қуатын тек қана қазақтың қарапайым қара домалақ баласының біріміз ғой”, – дейді педагог. Қазақ ұлттық университетінде оқып, білімін Англия мен Францияда жалғастырған Жігер Телюқанов жеті тілде еркін сөйлейді.

Бенефис-шоудың шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған үздік сұрақты таңдап, сұрақ авторына арнайы дайындап әкелген сыйлығын естелік ретінде берді.

Жоба ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы Жігерге табыстылық пен танымалдықтың символы «Жетістік формуласы» кәдесыйын және Абайдың «Қара сөздері» мен Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабын табыс етті.

«Көңілді асқабақ»

7 қазан күні «Шуақ» балалардың шығармашылық студиясы өзінің сабағын қайта бастады.

Сабақта біздің кішкентай оқырмандарымыз О.Иркегулова  «Бақша.Огород» кітапшасының негізінде «Көңілді асқабақ» тақырыбында аппликациялық жұмыс жасады.
Бүгінгі сабаққа «Бақыт» балабақшасының бүлдіршіні Рахметулла Асланби белсенді қатысты.

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Тимур Құдайбергеновпен кездесу.

2020 жылдың 6 қазанында кітапханалық жоба аясында «SARYARQA» арнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының кезекті телевизиялық түсірілімі өтті.

Сұхбат алаңында кәсіпкер, инвестор, Tenderbot.kz, Taxi.kz, Prodazhi.kz, Econsulting.kz, Business consulting groups холдинг компаниясының басшысы, «От таксиста до миллионера» кітабының авторы Тимур Құдайбергенов  №38, №93 гимназия және №17 ЖББОМ-тің жоғары сынып оқушыларымен (22 адам) кездесті.

Жерлесіміз Тимур Құдайбергенов Қарағанды облысының Молодежный кентінде дүниеге келген. Жас табысты кәсіпкер өз естеліктерімен бөлісіп,  әкесі дүниеден ерте озғандықтан, бала кезінде ерте есейіп, ақша табудың амалын ерте ойлағанын есіне алды.

Студияның құрметі қонағы мен оқушылар арасында ашық, емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрылды,  «Волгоград мен таңертең заңгер болып жұмыс істедім, түстен кейін Мемлекеттік қызмет академиясында оқыдым, ал кешке  техникалық университетте, себебі екінші жоғарғы білім алуды көздегенмін. Кешкі сағат 10- нан кейін «семерка» деген жеңіл көлігіммен түнгі сағат 3- ке дейін таксиде  жүргізуші болып жұмыс істедім. Ал демалыс күндері мен мүлде ұйықтамайтынмын»,- дейді өз сөзінде. Тимурдың алғашқы сәтті бизнес-жобасы «Тифа» диспетчерлік такси қызметі болатын. Бірақ болашақ миллионер мұнымен тоқтамады, оны ІТ технологиялар қызықтырды, өз ісінің кәсіби шеберлерінен топ жинап, мобильді бағдарламалармен жұмыс істей бастады. Ісі жүзеге асқан Тимур қазіргі уақытта инвесторлардың қатарында.

Балалар қонағымыздан «Ешқашан ұялма және өз мақсатыңды қоя біл», «Бәсекелестеріңді жеңуге үйрен», «Әрбір сәтсіздік-бұл тәжірибе»- сынды көптеген кеңестер естіді. Сондай-ақ, қонақ бағдарлама қатысушыларына Д.Трауттың «Маркетинговые войны», К.Чанның «Стратегия голубого океана», Н. Талебтың «Черный лебедь»   атты кітаптарын оқуға кеңес берді.

Қонақ ең үздік сұрақтары үшін  №38 гимназияның оқушылары Алина Тукманова, Карина Касымова және Ангелина Цейтлерге «От такиста до миллионера» атты кітабын сыйға тартты.

Бағдарлама соңында ұйымдастырушылар Тимурға табыстылық пен танымалдықтың  символы «Жетістік формуласы» кәдесыйын және А. Құнанбаевтың «Қара сөзі» мен  А. Тоқтабайдың «Қазақ жылқысының тарихы»  кітаптарын табыс етті.

«Балалар кітапханасы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеудің ресурсы ретінде»

Кітапханада 30 қыркүйек күні «Балалар кітапханасы өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеудің ресурсы ретінде» облыстық практикалық онлайн-семинары ZOOM платформасында өтті Бағдарлама.

Семинарға Қарағанды қаласы мектеп кітапханаларының меңгерушілері және де облыс бойынша 31 балалар кітапханаларының 92 маманы қатысты.

Шара барысында Қарағанды облысының балалар кітапханалары жағдайында патриоттық тәрбие беру бойынша жұмыс тәжірибесі, мәселелері мен мүмкіндіктері қарастырылды.

Саран қаласының балабақшаларымен табысты ынтымақтастық тәжірибесі және Шет ОКЖ аудандық балалар кітапханасына жаңа оқырмандарды тарту бойынша жұмыстардың жаңа түрлері туралы айтылды.

Кітапханашылардың назарына халықаралық, облыстық балалар шығармашылық байқауларына шолу ұсынылды, оған Қарағанды облысының барлық балалар кітапханаларының оқырмандары қатысты. Сондай-ақ, кітапхана тарапынан қатысушыларға «Ғылыми-медициналық қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін «Кел, ертегі суретін салайық!» халықаралық байқауының ережесі ұсынылды.

«AutoPlay Media Studio8»  және «Movavi Video Editor Plus» бағдарламасын   пайдаланып, өлкетану электрондық әдістемеліктер, викториналар жасау» – практикалық сабағы қатысушылардың қызығушылығын оятты.

Оқырман бенефисі

25 қыркүйекте кітапханада үздік оқырмандарды түрлі номинациялармен марапаттау мақсатында жыл сайын өткізілетін «Оқырман Бенефисі» жобасы онлайн түрде өткізілді. Пандемияға байланысты номинация иелерін санитарлық талаптарға сәйкес жекелей шақырып марапаттадық.
2019 жылдың қорытындысы бойынша үздік оқырмандар мынадай номинациялармен марапатталды: «Ең бірінші оқырман» – Эдуард Берлейн, «Кішкентай оқырман» – Замир Абдуллаев (2 жас), «Фэнтези оқырманы» – Агния Корешникова, Зинфира Сафина, «Мәңгілік классика» – Екатерина Цветкова, Таңшолпан Әділхан, «Кітапхананың айнымас досы» – Айсұлу Владимирқызы, «Болашақ детектив» – Тамаз Оралкен, Диана Муллаянова, «Адал оқырман» – Данил Коровкин, «Соғыс туралы әдебиет білгірі» – Лебединский Андрей, «Оқитын отбасы» – Василечко отбасы: Валерия Владимировна, Сергей Васильевич, Вячеслав. Влада.
Әрбір номинация иелеріне арнайы дипломдар тапсырылып, интернет- дүкені  ұсынған сыйлықтарды жүлдегерлерімізге біздің арнайы шақырылған қонақтарымызбен әлеуметтік серіктестеріміз марапаттап тапсырды.

«Жетістік формуласы» бенефис-шоуы. Демид Еремеевпен кездесу.

2020 жылдың 17 қыркүйегінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс-шараларының республикалық тізбесіне  енгізілген, кітапхана жоба аясында «SARYARQA» арнасында «Жетістік формуласы» бағдарламасының телевизиялық түсірілімі өтті. Бағдарлама 25 қыркүйекте эфирге шықты.

Диалог алаңында Қазақстан жастар құрамасының, «Сарыарқа» хоккей командасының қақпашысы Демид Еремеев пен №63 ЖББОМ, №38, №93 гимназияларының оқушылары (18 адам) кездесті.

Жас ойыншы Канададағы әлем чемпионатында команданың бастапқы матчының жұлдызына айналды. 2018 жылдың ақпан айында жақсы ойын көрсеткені үшін Демид «Ай қақпашысы» деп танылды.

Балаларды Демидтің    спорттағы жетістіктері туралы және оның балалық шағы мен мектеп жылдарындағы қызықты оқиғалары жайлы, армандары, жеке қасиеттері, сондай-ақ болашаққа деген жоспарлары қызықтырды.  Студияның құрметі қонағы мен оқушылар арасында ашық, емен-жарқын әңгіме-сұхбат құрылып, жүрекжарды лебіздер мен тілектері айтылды.  Сұхбат барысында спорт, салауатты өмір салты, бос уақытты пайдалы өткізу тақырыптары арқау болды.

Бенефис-шоудың  шарты бойынша қонақ өзіне ұнаған сұрақты таңдап, арнайы сыйлығын сұрақ авторы №38 гимназияның 11 «В» сынып оқушысы Александр Якунинға табыс етті.

Жоба ұйымдастырушылары Демид Еремеевке табыстылық пен танымалдықтың символы  «Жетістік формуласы» кәдесыйын   және А. Құнанбаевтың «Қара сөзі»  мен  «Қазақстан флорасының ғажайыптары» кітаптарын естелік сыйлыққа  ұсынды.

 

«Абайлаңыз-интернетке тәуелділік!» онлайн кездесу.

8 қыркүйекте кітапхананың Instagram виртуалды алаңында №38 гимназияның психологы, жоғары санатты маман Юлия Храмковамен кездесу өтті. Онлайн-әңгімеге қатысушылар «Абайлаңыз! интернетке тәуелділік!» тақырыбында әңгімелесті.

Жазылушылар, интернетке тәуелділікті қандай белгілермен анықтауға болатындығын, оның қаншалықты қауіпті екенін, оның дамуының алғышарттары қандай екенін білді.

Жас пайдаланушылар мен олардың ата-аналары психолог маманынан пайдалы кеңестерді алды: өзіңізді және балаңызды Интернетке тәуелділіктен қалай қорғауға болады, гаджеттерді қалай дұрыс пайдалану керек, интернетте жұмыс уақытын дұрыс бөлу және т. б.

Юлия Александровна зиянды әдетті алмастырудың тиімді тәсілі ретінде кітап оқудың маңыздылығын атап өтті.

Психолог виртуалды емес, шынайы әлемде өмір сүруді, сүйікті хоббимен айналысуды, хобби немесе спортпен шұғылдануды ұсынды, сонымен қатар «Интернетке тәуелділік» мәселесін зерттейтін әлем психологтарының қызықты кітап басылымдарымен таныстырды.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл»

7 қыркүйекте кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл» атты  Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.

Кітапханашыларға  Жолдауда көзделген негізгі он бір  бағытының әр тармағы талқыланып,  Қазақстан Республикасының дамуының негізгі бағыттары мен міндеттері түсіндірілді.

 

«Ерекше дарын иесі» тікелей эфирі

1 қыркүйекте кітапханашылар Instagram-дағы кітапханалық парақшаға жазылушылар үшін жас қолөнер шебері Тынысбек Бөпіштайдың қатысуымен тікелей эфир ұйымдастырды. Рубик текшелерінің көмегімен жасалған ерекше жұмыстардың авторы өзінің хоббиі мен болашақ жоспарлары туралы айтты. Әңгіме барысында Абай портретін жасау технологиясы туралы бейнеролик көрсетілді.