Archive Қазан 2023

«Кызықты ғылым»

Бүгін біздің кітапхананың «Кызықты ғылым» зертханасында сумен түрлі тәжірибелер жасалды. Балалар лава шамын жасады, оның өткізгіш ұлпасы арқылы пекин қырыққабатын боядық, гравитацияға қарсы суды және мұздатылған сұйықтықтарды байқадық.
Бұл тәжірибелерді үйде оңай жасауға болады. Соңында сумен тәжірибелер туралы кітаптарға шолу жасалды.

Кітапханашылар күні

Кітапханашылар күнін мерекелеу қарсаңында Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапхана басшысының орынбасары Қалқатай Мағиқызы Калиева Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Құрметті Қалқатай Мағиқызы, Сізді алған төсбелгіңізбен құттықтаймыз. Сізге шығармашылық жолында толағай табыс тілейміз. Ізденісіңіз арта берсін!

«Мен тұлғамын»

Бүгін 25 қазан–Республика күніне орай Абай атындағы балалар кітапханасы «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалымен бірлесіп «Мен тұлғамын» кітапханалық жобасы аясында рухани танымдық тренингтер өткізді.
Мақсаты: жас ұрпақтың бойында елжандылық, Отанға құрмет сезімін арттыру, көркем шығармалармен таныстыру, рухани құндылықтарды сіңіру және мәдениетті, саналы азаматтың моделін қалыптастыру.
Іс-шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы, психолог Дидар Берікқызы және кәсіпкер, РҺD доктор Айдын Кернебаев қатысты.
Қонақтар балалар үшін аса маңызды «Тұлға болам десеңіз….», «Рухани құндылықтар – адамгершіліктің негізі» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ, ер балаларға арналған «Джентельмен club» клубының ашылуы өтті.

«Рухани келісім күні – бірлік пен тұрақтылық кепілі»

18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Рухани келісім күні – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты толеранттық сағат өткізілді. Шараның мақсаты: өскелең ұрпақтың бойына рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал ету.

«Келіңіз! Қараңыз! Оқыңыз!» кітапхананалық нон-стоп

Кітапхана мамандары «Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының» 5 сынып оқушыларына кітапхананың құрылу тарихымен, кітапхананы пайдалану ережелерімен, бөлімдерінің қызметімен таныстыру мақсатында экскурсия өткізді. Оқушылар жаңадан түскен әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға шолу жасап, балаларға арналған клуб пен үйірмелердің сабақ кестесімен танысты.

 

Шуақ

Балалар «Шуақ» шығармашылық студиясының кезекті сабағында «Патша мен Бүркіт» шығармасымен танысқаннан кейін, «Бүркіт» қолөнерін жасады.

Ертегілер мен оқиғалар сағаты

«Ертегілер мен оқиғалар сағаты» жобасы аясында логопед – дефектолог Гүлмира Рахимбаева кезекті дауыстап оқу өткізді. Қонақ балаларға түрік жазушысы Мерве Ергеноғлының (түрік тілінен аударған Ақтілек Бекзатқызы) «Қағаз ұшақ» атты әңгімесін таныстырды.

Перғауын жыландары

Кітапханада 13 қазан күні балаларға арналған «Перғауын жыландары» атты тәжірибе өткізілді. Балалар «Перғауын жыландарын» кальций глюканатын қолдану арқылы жасады.
Тәжірибе барысында перғауын жыландарына қатысты қызықты деректермен танысып, заттардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен химиялық қасиеттерін білді. Перғауын жыландары түрінде алынған реакция – мөлшері, түсі, жану жылдамдығы бойынша өте ерекше болып шықты.
Балаларға барлық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, үйде тәжірибе жүргізу ұсынылды.
«Қызықты ғылым» кітапханалық зертханасының соңында қызықты химия бойынша әдебиеттерге шолу жасалынды.

Бір ел – бір кітап

Кітапханада «Қауырсын қалам» әдеби клубының кезекті отырысы ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету мақсатында он жетінші мәрте ұйымдастырылып отырған республикалық «Бір ел – бір кітап 2023» акциясында оқуға ұсынылған жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттау мақсатында өтті. Отырыста Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» факултетінің 1 курс студенттерімен жазушының шығармалары бойынша «Quiz» ойыны ойнатылды.

«Өзіңді қалай қорғауға болады» қауіпсіздік сабағы

Балалардың қауіпсіздігі жылдан жылға өзекті мәселе болып тұр. Негізгі себептердің бірі-балалардың қазіргі заманда болып жатқан қауіп-қатерді түсінбеушіліктері, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларының болмауы. Осы мақсатта кітапханада «Өзіңді қалай қорғауға болады» атты қауіпсіздік сабағы өткізілді. Балаларға кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор және психолог Юсупова Ирина Владимировна ортаның қауіпті және зиянды факторларын қалай тануға және бағалауға, олардан қорғанудың тәсілдері туралы үйде, көшеде және табиғатта төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық ережелерін еске түсіріп, қатысушыларға өз өмірі мен денсаулықтарын қорғау туралы айтып берді. Жас оқырмандар өмір қауіпсіздігі туралы кітаптармен қызығушылықпен танысты. Кездесу соңында барлық қатысушыларға ақпараттық парақшалар табысталды.